Өскемен іргесіндегі екі шағын аудан жергілікті биліктен көмек сұрайды
Жоқ, тарихи жәдігер емес, күйі жоқ шағын аудандар. Шама-шарқына қарай үй соққан азаматтар жарық пен ауызсуға зәру. Қызық болғанда жергілікті билік қала маңындағы аудандардың барынан да бейхабар болып шыққан.
Бұл – қаланың шетіндегі шағын аудан тұрғындарының қазіргі тұрмысы. Аумақта соңғы бірнеше жылда жеке үйлер ерекше қарқынмен салынып жатыр. Меновное кентіндегі бұрын саяжайлардағы бос жатқан телімдер халыққа берілген. Қазір мұнда 100-ден аса отбасы бар. Бірақ шағын аудан инфрақұрылымнан әлі жұрдай. Электрді де жеке кәсіпкерден сатып алады. Энергияның 1 киловаты – 17 теңге.
Қайдар Ақшамбаев, ауыл тұрғыны
- Мына бағанның бәрін қолдан қойдық. Біресе жанады, біресе жанбайды. Ал енді бала-шағасы барлардың бәрі балаларын сүйретіп анау аялдамаға барады. Бір шақырымдай жер ғой деймін.
Бүкіл ауыл бір құдыққа қарап отыр. Оның өзі орталық жол бойында. Қыстың көзі қырауда шетте тұратын отбасылар үшін су тасудың өзі қиын.
Еркінбек Кәндебаев, ауыл тұрғыны:
- Жаңа қала дейміз. Жалғыз су алатын жер бар. Бәріміз осы жерде жүреміз. Саяжайларда бар. Бірақ ол тұзды, іріп кетеді.
Тұрғындар үшін ең қиыны қоғамдық көлік. Нөмірі 55-бағыттағы автобус қана орталық жолмен жүреді. Тұрғындардың айтуынша, оның өзі кестеге сай қатынамайды.
Олжас Керейхан, тілші:
- Атауы жоқ бұл ауылға ең жақын аялдама шамамен 5, қаланың орталығына дейін 10 шақырымдай болады. Сондықтан тұрғындар ауыл жанынан өтетін «Өскемен – Астана» тасжолына шығып, көлік тоқтатады.
Облыс орталығының іргесінде осындай елді мекен бар екені таяуда ғана белгілі болды. Халық қала әкімнің есептік кездесуінде шағын ауданның инфрақұрылымына қатысты мәселені төтесінен қойды.
Тамара Рахимжанова, қала әкімінің орынбасары:
- Адамдар жер учаскелерін алғанда ешқандай коммуникация жоқ екенін алдын ала білген. Дегенмен тұрғындардың шағымынан соң бізге тапсырма берілді. Электр энергиясы және ауызсумен қамту үшін техникалық сараптама жасайтын боламыз. Осы шаруаларға қанша қаражат керек екені есептеледі.
Үлбі кентіндегі тұрғындар да инфрақұрылым игілігін көре алмай отыр. Көшелерде жарық жоқ, жолы да жыл сайын жоқ болады. Қаңғыбас иттер өріп жүр.
Күлімхан Көлбаева, пошта таратушы:
- Мен 7 жылда бұл көшедегі жолдың тазаланғанын көрген емеспін. Әйтеуір қарда омбылап жүріп апарып тастайсың газетті. Көктемде, күзде лай басып, су болып, құлап-сүрініп үйге жетесің.
Атқарушы билік өкілдері ескерусіз қалған екі елді мекенді аралап шықты. Қордаланған мәселені біртіндеп шешуге уәде етті.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин