Қазақстанда медиа өлшем жүйесі іске қосылады
Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында айтылды. Сондай-ақ елімізде төл медиа өлшем жүйесі биыл іске қосылмақ. Яғни телеарналарымыз шетелдік сарапшылар сызып беретін рейтингтерден тәуелсіз болады деген сөз. Мемлекеттік органдардың сайттары ендігі жерде қалай жұмыс істейді? Жалпы ақпарат саласында қандай жаңалықтар болады?
Биыл Алматы, Павлодар және Қостанай облыстары цифрлық xабар таратуға көшеді. Ал өткен жылы Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласында аналогтық хабар тарату толық тоқтатылған болатын. Нәтижесінде ауылдағы ағайын 15, ал облыс орталығының тұрғындары 30 арнаны жоғары сапада көру мүмкіндігіне ие болды. Бұл бағыттағы жұмыстар 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған. Ал шалғай жатқан ауылдарға спутниктік қабылдағыштар орнатылмақ.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
- Цифрлық сигналдардан шалғай орналасқан елді мекендер отандық «Otau TV» спутниктік қабылдағыштармен қамтылады. Ол үшін сол аймақтың жергілікті бюджетінен қаржы бөлінген. Сондай-ақ Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының 300 мыңнан астам тұрғыны бар 12 шекара аймағына «Қазақ радиосы» мен «Шалқардың» хабарлары тарала бастады.
Тағы бір маңызды жаңалық. Қазақстанның телеxабарларын шетелдегі отандастарымыз тамашалай алады. «Хабар» Агенттігі өзге елдерден өкілдіктерін ашып, Ресей аумағында xабар таратуға рұқсат алды. Ал «Хабар 24» арнасы «Ямал 401» жер серігі арқылы спутниктік жүйеге қосылды. Бұл бағытта 15 жыл көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылған. Сонымен қатар алдағы уақытта Ресейдің «Мульт» телеарнасы қазақ тілінде сөйлейді. Ең бастысы биыл телерадио жұмысын бағалайтын медиа өлшем жүйесі іске қосылмақ.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
- 2019 жылы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі медиа өлшем жүйесін іске қосады. Ол арқылы арналардың рейтингі жасалады. Бұл бастама болашағы зор жобаларды қаржыландыруға және мемлекеттік тапсырыстардың тиімділігін арттыруға сеп болмақ.
Сонымен қатар министрлік бірыңғай платформа құруды жоспарлап отыр. Яғни мемлекеттік органдардың сайтына бір тетік арқылы кіруге мүмкіндік жасалмақ. Осылайша ашық әрі жариялы түрде жұмыс жасайтын әкімдіктер анықталады. Алқа отырысында Дәурен Абаев мемлекеттік қызметтер саласында делдалдармен күресті күшейту қажеттігін айтса, Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев анықтамаларды қысқартып, мобильді қосымшаларды тиімді пайдалануды тапсырды.
Асқар Жұмағалиев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Мобильді қосымшалар мен смартфондар арқылы xалыққа барынша жақын болуымыз қажет. Бұл жерде Азаматтарға арналған үкіметтің жұмысы маңызды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келетін азаматтарды мобильді қосымшалар арқылы мемлекеттік қызметтерді алуға үйрету керек. Сонымен қатар Мемлекеттік органдардың базаларын интеграциялау арқылы анықтамаларды барынша қысқарту қажет.
«Цифрлық Қазақстан» жобасы өткен жылы іске қосылған еді. Аз уақытта біраз шаруа атқарылды. Жоспар да жетерлік. Биыл елімізде 5G теxнологиясын сынақтан өткізу көзделген. Ал шалғай жатқан ауылдарға талшықты-оптикалық желілер арқылы сапалы интернетті тарту жұмыстары жалғаса береді.
Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Аян Сәрсенбаев