Жас отбасыларға көмек көрсететін орталықтар ашылады
«Қазақстанның іскер әйелдері» қауымдастығы ұйымдастырған жиынға шетелдік, қазақстандық сарапшылар мен зор жетістікке жеткен кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Аталмыш жиында бизнесті дамыту үшін тәлімгерліктің маңызы, жаңа технологияларды пайдалану, дағдарыс кезінде сатылымның төмендемеуі, электронды коммерция көмегімен кәсіпті дөңгелету жайлы жастарға тегін кеңестер берілді.
Қазір елімізде 14 пен 29 жас аралығындағы 4 млн-дай жас бар екен. Олардың 2 миллион 125 мыңы белсенді. Оның бір жарым миллионы жалдамалы қызметте болса, 488 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Бүгінгі форумда кәсіпкер жастарға арнап шеберлік сабақтар өткізілді. Баспаналы болудың да жолдары айтылды. Форумға қатысқан жастар: «Тұшымды ақпараттар ала алдық», – дейді.
Эльмира Байназарова, журналист, кәсіпкер:
- Бүгін мысалы, үйге қалай ақша жинау, үйді қалай алу керек секілді мәселелерді түсіндіріп айтады. Кешелі бері бизнестегі қателіктер, оған ұрынбау, оның алдын алу сияқты тәжірибелер жинақтадық. Өзіміздің облыстарға барғанда осыларды біз кеңінен айтатын боламыз.
Риат Шони, тілші:
- Үйлену оңай, үй болу қиын. Бұл бүгінгі заманның мақалына сай болып кетті. Себебі соңғы 10 жылда елде 1,5 млн жас жұбай бас қосса, осы уақыт аралығында соның әрбір үшіншісі ажырасып кеткен. Ал мамандар: «Соңғы бес жылда елімізде жастар санының азаюы байқалған», – дейді. Мәселен, 2014 жылы жастар үлесі 25% болса, былтыр бұл көрсеткіш 21,5% төмендеген. Мамандар мұны 90-жылдардағы демографиялық дағдарыспен байланыстырады. Алайда бұл жағдай тоқсандағы тоқырауда ғана емес, қазір де байқалады. Сандарға көз жүгіртсек, жастар арасындағы бала туу көрсеткіші жылдан жылға төмендеп келеді. 2016 жылы Қазақстанда өскелең ұрпақ 236 мыңға жуық нәрестені дүниеге әкелсе, 2017-де 14 мыңға азайған. Ал былтырғы алғашқы алты айда жас отбасыларда 107 437 сәби туған екен.
Бұл – ажырасу кеселінің кесірі. 2017 жылы республикада 54 мың жас жұптың көңілі жараспай кетіпті. Өзекті мәселені шешу үшін еліміздің 8 өңірінде жас отбасыларға психологиялық және құқықтық көмек көрсету орталықтары ашылады.
Асхат Оралов, ҚР ҚДМ Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Біздің елімізде ажырасу өте оңай. Халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш жазып, 630-650 теңге төлейсіз. Егер бала болмаса, ерлі-зайыптылар автоматты түрде ажырасады. Сот арқылы 5000 теңге көлемінде қаражат кетеді. Ал батыс тәжірибесінде бұл процесс өте күрделі және материалдық шығыны да көп. Өңірлерде құрылатын көмек көрсету орталықтары ажырасу деңгейін төмендетеді деген үміттеміз.
Ел болашағы – жастар. Сол себепті жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен орталықтар ресми түрде тіркеліп қоймай, тиімді жұмыс істеуі тиіс. Статистикаға жүгінсек, былтыр өскелең ұрпақтардың саясатын қолдауға 7 млрд теңге бөлінген. Биыл қаржы ұлғаяды. Сауалнама жүргізген әлемдік экономика және саясат институтының мамандары: «Жұмысқа орналасу мен тұрғын үй мәселесі – жастарды алаңдатып отырған негізгі мәселелердің бірі», – дейді. Сондай-ақ сауалнамаға жауап берушілер еліміздегі білім беру сапасының төмендігі мен ақылы бөлімдердің қымбаттығын да атап өткен.
Серік Бейсембаев, ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
- Жастарды бөлек әлеуметтік топ ретінде қарастыратын болсақ, олар – ақпараттық кеңістік өзгеріп жатқан кезеңнің ұрпақтары. Олардың ақпаратты тұтынуы, қоғаммен қарым-қатынасы мүлдем бөлек. Соған сәйкес жастар саясаты да жүзеге асуы тиіс. Бүгінгі жиында сарапшылардың айтқан ұсыныстары бойынша ақпараттық талдау материалдар дайындайтын боламыз.
Биыл енді жастарға көп көңіл бөлініп, олардың мәселелерін шешу үшін қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл ілкімді іс әрі қарай да жалғасын таба бермек.