Хабар телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев: Әлеуметтік жағдай дұрыс болу керек

Сарапшылар ортасында да, шалғайдағы әр отбасының, шай басында да айтатын әңгімесі Президенттің әлеуметтік бастамалары болғалы тұр. Ол заңдылық.

Себебі саяси ұйымның бұл жолғы бағдарламасының өзегі – қарапайым қазақстандықтың өмірі. Өмір сапасының артуы. Тұрмысы төмен отбасылар, Батыр аналар, ауылдағы ағайын Астанада қорытындыланған жиыннан не күтеді?

Nur Otan партиясының 20 жылдығы қарсаңындағы кезекті съезінің өзгелерден ерекше болып есте қалуының қисыны бар. Әлемдегі күрделі экономикалық, геосаяси жағдайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Nur Otan ел іргесін бекемдейтін қадамдарға барып отыр. Елбасының өзі: «Партияның бастамасын Үкіметтің бастамасы деп біліңдер», – деді. Демек, саяси ұйымның алдағы онжылдыққа құрған жоспары мемлекеттің де негізгі бағыты болары анық. Ал бағыт – экономиканы әлеуметпен үндестіріп, қарапайым халықтың қамына басымдық беру. «Жаңа жасақталған Үкімет те сол үшін құрылды», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті, Nur Otan партиясының төрағасы:

- Мы – партия, которая формирует Парламент. Парламент формирует Правительство. Значит вместе с Парламентом и Правительством мы отвечаем за все принимаемые решения. Поэтому исходя из того, что я почувствовал отчаяния населения, пришлось поменять Правительство. Пришли новые люди. Я надеюсь, люди пришли знающие и образованные, и поведут экономику вперед, и исполнительная власть будет работать более конкретно, более ответственно.

 

Үкімет атқарған жұмыстың сапа индикаторы – халық

Ал Үкіметтің қалай жұмыс істеп жатқанын Мемлекет басшысы министрліктер мен әкімдердің есебінен емес, қарапайым халықтың өзінен біліп отырмақ. Билік пен халықтың арасында кері байланыс орнатып, жұмыстың барысын бағып отыруда Nur Otan партиясының жергілікті филиалдарына міндет артылады. Бір сөзбен айтқанда партияластары – Президенттің шалғайдағы көзі һәм құлағы, Үкімет – бастаманы іске асырар көмек қолы. Ал жұмыстың сапа индикаторы шалғайдағы Әсемгүл тәрізді көпбалалы аналар болмақ.

Әсемгүл Құрал, Абай ауданының тұрғыны:

- Әрине, қолдау керек деп ойлаймын. Съезде айтылып жатқанның бәріне қуаныштымын. ШҚО-да көпбалалы аналар көп. Бізді қолдап жатқандарына қуаныштымын. Менің енем 12 құрсақ көтерген. Өзім келін болып түскенде енемнің жолын қуамын деп күлген болатынмын. Алла тілеуімді беріп, қазір 9 баланы тәрбиелеп отырған жанмын. Ата-бабаларымыз 10-15 баладан дүниеге әкелген, солардың жолын қууға мүмкіншілік жасаса, жастардың бәрі кішкентайлы болып, қазақтың демографиясын көтереді деп ойлаймын.

 

Әлеуметтің әлеуетін арттыру

Демографияны көтеретіндер қиналмасын деп Nur Otan партиясы жәрдемақыны молайтып, қам жасады. «Алайда мемлекеттің бұл жомарттығы жатыпішерлерді көбейтпесе», – деген ескертпесі бар Елбасының. Ол үшін өңірдегі әкім жылы кабинеттен жиі шығып, халыққа жақындай түсуі тиіс. Астанадан алыс жатқан әкімдер жай жатпай, жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, өндірісті ірі қалада емес, далада, ауылда ашсын деген тапсырма берілді. Бұл істе үлгі болар мысалдар баршылық.

Латифша Асанов, съез делегаты /Шымкент/:

- Елбасының бір сөзінде халықтың жағдайын түзеп, тұрмысы нашар отбасыларға жәрдем беруге тек қана Үкімет емес, кәсіпкерлер де көмектесу керек деген болатын. Біз осы уақытқа дейін бірнеше мүмкіндігі шектеулі жандар мен тұрмысы төмен отбасыларға үй салып беру жағынан жәрдемдестік. Бүгінгі күнге дейін 63 млн теңгемен жәрдем көрсеттік. Енді мына тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруге Үкімет пен Nur Otan партиясының мүшелеріне тапсырма берілді. Әрине, біз де сырт қалмаймыз, қазірден бастап кірісеміз.

Ал Алматы әкімі Бауыржан Байбек съез барысында сөз алып, қалада жасалып жатқан жұмыстарын жіпке тізді. Оның ішінде көңілге қонғаны – көпбалалы отбасыларға жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі, Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы:

- Алматыда үй кезегінде тұрған 1 276 көпбалалы табысы аз отбасы жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама бойынша пәтер алу мүмкіндігіне ие болып, жалпы 7 мыңнан астам адам қамтылмақ. Жергілікті бюджеттен өзіңіз айтқандай, 5,5 млрд теңгені шамалаған.

Мемлекет басшысы да, Үкімет те елдің қамы үшін жасалып жатқан жұмысқа, жасалуы тиіс игі бастамаларға мүдделі. Жиынның түйіні халық пен билік бөлінбей, керісінше бір идеяның айналасында жұмылуы тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті, Nur Otan партиясының төрағасы:

- Ең бірінші идея – тәуелсіздік. Қолымызға түскен тәуелсіздік – ата-бабамыздың аңсағаны, біздің мойнымызға артылған. Соны қолда ұстау керек. Оны қолда ұстаудың бірден-бір жағдайы экономика болу керек. Әлеуметтік жағдай дұрыс болу керек. Сыртымызды, ішімізді бақылап отыруымыз керек. Елдің ішіндегі бірлік керек. Экономиканы өсіп-өндірмесе, әлеуметтік жағдай да өсіп-өнбейді. Сондықтан бәріміз бірлесіп жұмыс істейік.

Мемлекет басшысының бірлік пен еңбекке үндеуін Астанаға өңірлерден келген делегаттар жеткізуі тиіс. Nur Otan партиясының XVIII съезі құр кезекті кездесу емес, үлкен жұмыстың алдындағы кеңесу жиыны болды.

Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Бірлік Берікұлы, Әлібек Әлиев