Үкімет отырысында Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындау жолы қаралады
Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин: «Есеп үшін жұмыс істеу, құлаш құжат жазу жойылсын! Аз қамтылған әр отбасы өзіне тиесілі жәрдемақысын алсын», – деп мәлімдеді. Ал әр салаға жауапты министрлер қанша қызметкердің жалақысы қалай өсетінін, көпбалалы отбасыларға жәрдемақы қалай төленетінін айтты.
Мемлекет басшысы Nur Otan партиясының съезінде: «Әуелі көпбалалы аналардың жағдайын жасауымыз керек», – деді. Тапсырма айтылды, нақты жоспар бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев бәрін тәптіштеп түсіндірді. Аз қамтылған, яғни айлық табыстары жан басына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға 20,789 теңге кепілдендірілген көмек төленеді. Дәл осы жәрдемақы аз қамтылған, көпбалалы отбасылардағы әр балаға да төленеді. Күміс алқа, алтын алқа иесі болсаңыз да, болмасаңыз да беріледі. Егер отбасының бір айлық табысы әр адамға шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 29,698 теңгеден кем болса, осы жәрдемақы төленеді.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Төрт балалы жалғызбасты отбасы 1 шілдеге дейін табысы жоқ болғаннан кейін 63 мың атаулы жәрдемақы алатын болса, енді 1 шілдеден бастап ол 40 мың теңгеге көбейеді. Демек 103 мың 945 теңге болады. Ал енді анау қосымша төлемдерді есептегенде ол жанұяның жалпы табысы 114 мың 448 теңге болады.
Көпбалалы аналарды әр мекемеге шапқылатпау үшін алдағы екі айда электронды халық жүйесі іске қосылады. Яғни бұрынғыдай қағазбастылық жойылады. Туу туралы немесе жеке куәлік болмаған жағдайда ауылдың немесе кенттің әкімі тиісті органдардан сол құжатты сұратады. Сайып келгенде мақсат – қаржылық көмекке зәру отбасыға жәрдемақы төлеу. Енді білім беру саласындағы 500 мың адамның жалақысы да 30% өседі.
Күләш Шәмшидинова, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Мектепке дейінгі ұйымдар мен интернаттардың тәрбиешілері, олардың көмекшілері, әдіскерлер, әлеуметтік педагогтар, балабақшалар мен колледждердің психологтары, қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері, кітапханашылар, тәлімгерлер, бухгалтерлер, іс жүргізушілер, тазалаушылар, аула тазартушылар, күзетшілер, пеш жағушылар, сантехниктер мен электриктер және т.б. бар.
Алдағы екі жылда жаңартылған мазмұн бойынша 144 мың мұғалім, 82 мың сынып жетекшілері мен психологтар, 15 мың колледж мамандары мен 2400 ЖОО оқытушылары қайта даярлау курстарынан өтеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің де айлығы өседі.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Мысалы, мейірбикенің орташа айлығы 76 мыңнан 100 мыңға дейін көтеріледі. Ал кіші медперсоналдар 48 мыңнан 64 мыңға дейін көтеріледі. Жоғары сұраныстағы дәрігерлердің де жалақсы ұлғаяды. Жалпы 225 мыңнан аса қызметкердің жалақысы өседі.
Бұған республикалық бюджеттен биыл 37,6 млрд теңге бөлінеді. Келер жылға дейін 595 амбулаториялық мекеме салынады. Осы айтылған игі бастамалардың барлығына бөлінген қаржының әрбір тиыны бақылауда болады. Оны Мемлекет басшысы да ескертті. Премьер-Министр Асқар Мамин: «Халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін барлығымыз жұмыла жұмыс істейміз», – деді. Министрлер мен әкімдерге есеп үшін емес, ел үшін қызмет етуді тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Елбасының әлеуметтік саланы жаңғыртуға арналған шаралары еліміздің әлеуметтік деңгейін жаңа сапалы деңгейге шығарады. Экономикалық табыстар әр адамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған болу керек. Сондықтан Үкімет мүшесі үшін негізгі басымдық – халықтың тұрмыс сапасын арттыру, Қазақстанды дамыту. Үкімет мұқтаж азаматтарды қолдау бойынша тиімді жұмыс жүргізу керек. Бюрократия мен формализмге жол берілмесін.
Ауылды дамытуға алдағы 3 жылда 90 млрд теңге бөлінеді. Шағын және моноқалалар қайта жанданады. Былайша айтқанда, ұйып қалған ауылдардың күре тамырына қайта қан жүгіреді.
Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Әлібек Әлиев