Тарихтағы дана да дара қыздарды тұтас ұлт ұмытпайды
Тұмар ханшайымнан басталатын ерлік дастандары, Домалақ анадан тарататын қасиет пен өсиетті былай қойсаңыз, күйші Дина, ақын Сара, тұтас ұлт әлі ұмытпаған, ұмытпайтын есімдер тарихта көп. Олар орынды жерде гүлдей нәзік болды, қысылтаяң заманда қолға қару алып, ерге бергісіз ерлікке барды. 8 наурыз мереке ғана емес, ұлтқа ұлық есімдерді де еске салып, үлгі тұтар күн.
«Көктемде, қызылдар кетіп, ақтар келгенде». Әмина Өмірзақованың анасы қызының туған күнін сұрағандарға осылай деп жауап берген деседі. Атақты актрисаның туған күнін 8 наурыз деп кейінірек актрисаның жұбайы Кәмәси Өмірзақов таңдаған екен. Әмина Өмірзақова 15 жасқа толғанда Ленинград театралды институтының өкілдері Семейге студент жинауға келеді. Ақшасы аз, қолдауы жоқ, орысша екі ауыз ғана сөз білетін оның өнердегі жолы осылай басталған. Оның қазақ киносына үлкен құбылыс болып келерін ол кезде ешкім білген жоқ.
Тәмпіш танау талантты театрдың тарландары толық мойындады. Ол қазақстандық әртістердің бір емес, бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Ол бір грамм бояусыз, тек көзқарасымен ғана, риясыз күлкісімен ғана өз кейіпкерінің сезімін жеткізе алатын. Қазақстандық сахнада ананың ролін Әмина Өмірзақовадай әлі ешкім сомдай алған жоқ.
Қазақ өнерінің тағы бір шыңы – Күләш Байсейітова. 22 жасында Қазақстанның Халық әртісі, 24 жасында КСРО Халық әртісі атанған. Әнші небәрі 45 жыл ғұмыр сүрді. Дарын иесінің жұлдызы қалай тез жанса, солай тез сөнді. Бірақ оның өнері мен өмірі қазақ халқының мәңгілік қазынасы болып қала береді.
Қазақтың «Елдің атын ер шығарады» деген сөзін жалаң түсінуге болмайды. Қазақтың тарихында ер мінезімен елді қорғаған бұрымды батырлар бұрын да болған, қазір де бар. Дегенмен есімі ел есінен ешқашан өшпейтін, ешкім өшіре алмайтын үш батыр қыз бар. Олар – мерген Әлия Молдағұлова, пулеметші Мәншүк Мәметова және қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш әйел Хиуаз Доспанова.
Қазақтың тарихына бойласаңыз көзсіз батырлығымен, өрен өнерімен, даналығымен дараланған, тапқырлығымен тамсандырған әйелдер көп. Олардың бәрін тізіп шығу мүмкін де емес шығар. Бір байқағанымыз, қай заман болсын, қайсысы болсын қазақтың қыздарына тән өзгешелік бар. Ол – табиғи тазалық, ізеттік, инабаттылық. Ұлттық код деген осы және біз содан айырылып қалмауымыз қажет.
Авторы: Гүлжан Марқабаева