Оралдық ару көлік жөндеумен айналысады
Орал қаласының тұрғыны 54 жастағы Елена Нұрғалиеваға қарап осындай ой түюге болады. Ол осыдан 36 жыл бұрын дәнекерлеуші кәсібінің қыр-сырын игеріпті. Содан бері автосервисте көлік жөндеумен айналысады. Ал бос уақытын би мен фитнеске арнайды.
Шойын мен темір, құрыш пен болат. Қандай мықты металл болса да, Еленаның алдына келгенде майдай еріп сала береді. Қырағы көз, қарулы қолдың арқасында ол кез келген майда бөлшекті дәнекерлеп бере алады. Айтуынша, осы мамандықты 18 жасында таңдапты. Содан бері кәсібіне адал.
Елена Нұрғалиева, Орал қаласының тұрғыны:
- Бастапқыда шынын айтсам, көп нәрсе қолымнан келмей жүрді. Біртіндеп үйрендім. Барлығы – тынымсыз еңбек пен тәжірибенің арқасы. Әйел адам жаратылысынан мұқият қой. Тиісті талпыныс болса, қай-қай кәсіпті де ұршықтай үйіріп әкетеді деп білемін.
Жұмыста Еленаның беделі биік. Ұжымдағы жалғыз ару әркез құрметке ие. Сол себепті де бұл цехта дөрекі сөз, бейпіл әңгіме естілмейді. Еленаның шеберлігіне әріптестерінің көзі әлдеқашан жеткен. Ал тапсырыс берушілердің күмәні тез сейіледі екен.
Анатолий Цыганов, әріптесі:
- Ол – өз ісінің хас шебері. Дөңгелектің болты сынып қалса, болмаса бір нәрсені дәнекерлеу керек болса бәрі соған жүгіреді. Бастапқыда бірақ сұрап алады: «Осындай Лена деген әйел бар ма? Дұрыс істей ме?», – деп. Сосын риза болып кетеді.
Жұмыстан соң Елена фитнес клубқа соқпай үйіне қайтқан емес. Спортпен ол 49 жасынан бастап шұғылданыпты. Оған дейін билеп те көрмепті. Ал қазір шпагатқа емін-еркін отырады. Барлық жаттығуларды жеңіл әрі айрықша құлшыныспен орындайды.
Алла Щедрова, фитнес клуб меңгерушісі:
Жұма күндері ол міндетті түрде үйінен бауырсақ пісіріп әкеледі. Өзі сондай мейірімді. Қандай ауыр жұмыстан шығып келсе де қабақ шытып, ұнжырғасы түскен емес. Ол залға кіріп келгенде қуана қарсы аламыз.
Шұғылалы таңдай айналасына шуақ шашқан арудың өмірде үйренгені аз емес. Үйретері одан да көп. Бұған түсірілім барысында біздің де көзіміз жетті.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов, Қ.Махмутов