«Хабар» арнасында «Ұлы дала Наурызы» телемарафоны өтті
Халқымыздың Ұлық мейрамы арнамызда «Таңғы Хабар» бағдарламасымен басталып, кешкі 20:00-ге дейін жалғасты. Елордамызда, өңірлерде, тіпті шалғай ауылдардағы мерекелік көңіл-күйді 12 сағат бойы үзіліссіз эфирден таратты.
Айта кетейік, телевизия тарихында тұңғыш ұйымдастырылған айтулы шараны қазақ елімен бірге «Kazakh TV» арнасын көретін шетелдің миллиондаған көрермені де тікелей эфирде тамашалады.
Әсем ән, керемет би, ұлттық ойындар, салт-дәстүр. Ұлыстың ұлы күні «Хабар» арнасы көрерменіне үлкен сый жасады. Алғаш рет шығармашылық ұжым дүйім жұртқа 12 сағатқа ұласқан телемарафонды ұсынды.
Нұрсұлтан Құрман, тележүргізуші:
- Бірінші кезекте, адреналин. Мұндай форматта жүргізбегенбіз. Екінші кезекте, жүргізу барысында ләззат, қосымша білім алып жатырмыз.
Аяулым Ерғазы, тележүргізуші:
- Сонау Францияның өзімен байланысқа түсіп жатырмыз. Соның бірі – Лара Фабианның құттықтауы. Барлығымыз ерекше сезімде болдық.
Иә, ұлан ғайыр даламыздағы дүбірлі тойды «Хабар» арнасы ерекше форматта ұсынды. Өңірлердегі әріптестеріміз тікелей эфирге қосылса, Жапония, Белгия, Франция елдеріндегі тілшілеріміз Ұлы Наурыз мерекесінің онда қалай тойланатындығы туралы материалдар дайындады.
Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:
- Жаңа студияда, бірнеше локацияда осы ұлан асыр тойды өткіздік. Еліміздің қиыр-қиырында Наурыз тойы қалай тойланып жатыр, соны көрсеттік. «Хабар» арнасымен бірге, «Хабар» Агенттігінің құрамындағы «Kazakh TV» телеарнасы да ұлы дала марафонын тікелей эфирде көрсетті.
«Kazakh TV» арнасының жүзден аса елге тарайтындығын ескерсек, «Ұлы дала Наурызы» телемарафонын әлем жұрты тамашалауға мүмкіндік алды. Студияда әнші, бишілеріміз өнер көрсетумен қатар, елшіліктерден, Қазақстан халқы ассамблеясынан, өзге арналар мен радио, басылымдардан қонақтар келіп, ізгі тілектерін жеткізді.
Құрманбек Жұмағали, «Қазақ радиолары» ЖШС бас директоры:
- Мынау шынымен де шаңырақты білдіреді. Түрлі адамдар қонаққа келіп, сыйын алып, өнерін көрсетіп, өте бір керемет мейірімге толы мерекелік марафон болды.
Аманжол Әлтаев, айтыскер ақын:
- Әз-Наурызды осындай таң атқаннан бастап, кешке дейін тікелей эфир арқылы насихаттау, салт-дәстүріміздің барлығын көрсету – керемет шара.
Наурыз – күн мен түннің теңеліп, тіршіліктің ұйқыдан оянатын кезеңі. Кешірім һәм мейрім мерекесі. Жаңарудың басы. «Хабар» арнасы «Ұлы дала Наурызы» атты телемарафонды ұйымдастыру арқылы ұлыстың ұлы күніне жалпыұлттық, халықтық сипат беріп отыр.
Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Мейрамбек Ақмаханов