Мемлекет басшысы «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының бас директорымен кездесті
Сондай-ақ «Байқоңыр» ғарыш айлағының қызметіне қатысты мәселелерге тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Кеше ғана мен Ресей Федерациясына сапармен барып келдім. Сапар табысты болды деп бағалаймын. Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен маңызды келіссөздер өткізілді. Соның ішінде сіз жетекшілік ететін сала жөнінде де әңгімелестік. Қазір тиісті жобалар екі тараптың да қарауында.
Өз кезегінде «Роскосмос» басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Прогресс-МС11» көліктік жүк кемесінің Халықаралық ғарыш стансасына сәтті ұшырылғанын мәлімдеді. Осыдан кейін тараптар ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің бірлескен «Бәйтерек» ғарыш жобасының іске асырылу барысын талқылады.
Дмитрий Рогозин, ғарыш қызметі жөніндегі «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының директоры:
- Біз кеше әлемдік рекорд орнаттық. Бұған дейін көлік кемесі немесе экипаж Халықаралық ғарыш стансасына көп айналмалы сызба бойынша екі тәулік ішінде жететін. Кеше ғарыш кемесі жерді екі рет айналды. Оның стансаға жақындауы және түйісуі 3 сағат 21 минут ішінде жүзеге асты. Мәскеуден Байқоңырға дейін үш сағаттай ұшамыз, енді Байқоңырдан Халықаралық ғарыш стансасына да шамамен сонша уақытта жетуге болады. Қазір алдымызда одан да қысқа сызба жасау міндеті тұр.