Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық көлік қауіпсіздігі қандай деңгейде?
Елордадағы автобус апатынан кейін республика бойынша барлық автобус паркі жаппай тексеріске ұшырағаны белгілі. Қауіпсіздікті арттыру үшін бірқатар ұсыныс та айтылды. Алайда іске асқаны шамалы. Одан бөлек автобус апатынан бері жиырма күн өтсе де оның себебі әлі күнге құпия қалып отыр. Жолаушылар тасымалының қандай түйткілдері бар? Автобус жүргізушісі жолға қалай дайындалады? Қандай тексерістерден өтеді?
Азамат Алдоңғаров, тілші:
- Таң атпай жұмысқа шығудың шын мәнінде не екенін бұл жерде жақсы біледі. Біз қазір елорданың автобус парктерінің бірінің алдында тұрмыз. Сағат таңғы 05:00, ал автобустардың алғашқы легі асыққан жолаушысына жолға шығып кетті. Қалғаны тастүйін тізіліп тұр.
Жұмысқа кешікпей келу жолға шығу үшін жеткіліксіз. Жүргізуші алдымен медициналық тексерістен өтеді. Жоғары қан қысымы, алкогольдің иісі, шаршаңқы күйді байқаса болды, дәрігер кері қайтарады.
Бұл жүргізуші үшін бүгін демалыс. Демалыстың демеушісі істен шыққан шам. Бірақ бұл белестен біздің кейіпкер сәтті өтті. Сағат 06:30. Алғашқы жолаушысын мінгізіп алып, автобус жұмысын бастады.
Ербол Ұрғарыновтың қоғамдық көлік тізгіндегеніне он жылдан асты. Осы уақытта ол талай оқиғаның куәсі болды. Ұйқысы қанбаған, жұмысқа кешіккен түрлі халықтың алғашқы болып тілдесетін серігі – жүргізуші. Бұл әңгіме әрдайым көңілді бола бермейді.
Ербол Ұрғарынов, жүргізуші:
- Адамдардың бәрі бірдей болмайды. Кей кезде түсінбейтін адамдар болады. Көп сұрақ қойылады. Оның бәріне түсіндіреміз, жауап беруге міндеттіміз. Түсінетін де, түсінбейтін де кісілер болады.
Жүйкесі жұқа жолаушыдан бөлек, жүргізушінің сабырын сынайтын басқа да факторлар бар. Жол бойына жауапсыз қалдырылған мына көліктер жол қауіпсіздігіне де, кестеге де кесірін тигізеді. Жолды кес-кестеп өткісі келетін жүргізуші мен жаяу жүруші тағы бар. Ал енді бір жолаушыға таңертең санитарлық сыннан сүрінбей өткен автобустың тазалығы ұнамайды:
- Тазалық жоқ. Өздеріңіз көрдіңіздер, адамдар қысылып, айқайласып тұрады.
Көргенімізді айтсақ, автобус іші таза еді. Сығылыстық иә, бірақ айғайлаған ешкімді көрмедік. Жолаушы сирегенде біз де жұмысымызға кірістік.
Блиц:
- Кешке де осындай. Жұмыстан келе жатқанда да барлық автобустың іші адамға лық толы.
- Дәл осы Жағалауға аз келеді. Үш автобуспен ауысып келеміз.
- Жұмысқа кешігіп келе жатырмын. Сағат 06:00-де шықсаң да үлгермейсің.
Мұндай да жолаушылар бар. Ең көп естіген талап – автобус жиілігін арттыру. Ал өңірлерде проблема шынымен ушығып тұр. Қарағанды облысында 9 автопарк тіркелгенмен, бағыттардың 70% бір қолда көрінеді. «Жолаушы тасымалын монополияға айналдырған жекенің сапамен шаруасы жоқ», – дейді қала тұрғындары. Жыл бұрын жақсарады деп, тариф өскенімен сапа сол қалпы өспей кенже қалған. Ол аздай автопарк басшылығы: «Биыл тағы тариф өсірейік», – деп тіленіп отырса керек.
Ал Оралда қоғамдық көліктің 61% ескірген.
Ғаусар Қабаев, жүргізуші:
- Күнде таңертең шығып, екі-үш айналым жасаған соң сынады. Қосалқы бөлшек жоқ. Қожайын алып бергісі келеді, ақшасы жоқ. Ақшаны жинайтын біз. Біз тапсырмасақ, ақша да болмайды.
Нұр-Сұлтан қаласындағы автобус апатынан кейін шаһар басшылығы қоғамдық көліктің қала ішіндегі жылдамдығын сағатына 40 шақырымға дейін азайтуды тапсырды. Жаңа талап автобустардың жүру жиілігіне кері әсер етуі мүмкін.
Науат Азанбаева, жеңіл рельсті көлік компаниясы қоғаммен байланыс қызметінің жетекшісі:
- Бұл ереже қауіпсіздік үшін жақсы болғанымен бір күнде енгізе алмаймыз. Өйткені жүру кестесі бұзылады. Оны қайта қарау керек. Жиілікті жоқ дегенде қазіргі күйінде сақтап қалу үшін қосымша автобустар қосу керек.
Astana LRT мәліметі бойынша жазға дейін жаңа автобустар бағытқа шығады. Жаңару №3 автопаркте болатыны белгілі. Бірақ қай бағыт, қанша автобус екені белгісіз. Жолдағы тағы бір түйін, оның техникаға түк қатысы жоқ, төмен мәдениет. Мәселен, көлікке мінген жолаушы кідірмей өз еркімен валидация жасаса, оларды бір есікке телмірту мақсат емес. Автопарк жаңарғанмен, ескіше «тегін жүреміз» деген сана жаңармаса түк өнбейді. Бұл – автобус жүргізушісінің күнделікті күресі.