Хабар телеарнасы

ҚР Президенті Алматы облысының тыныс-тіршілігімен танысты

Бірақ мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Неге? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймаққа жұмыс сапары кезінде жергілікті халықты толғандырған әлеуметтік мәселелерге ерекше назар аударды. Облыста үш ауысымды мектеп мәселесін шешу үшін 2020-2021 жылдарға қосымша 29 млрд теңге бөлуді Үкіметке мықтап тапсырды. Президент жергілікті шаруалардың да жағдайымен танысты.

Алматы облысы – шығысында Қытаймен, оңтүстігінде Қырғыз Республикасымен шектесетін маңызды аймақ. Өңірде 777 елді мекен бар, онда 103 ұлыс ұйысып өмір сүріп жатыр. Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы сапары, Жетісу жұртшылығымен алғаш жүздесуі. Сондықтан Президент ұшақтан түсісімен кідірместен өзін күтіп отырған ортаға келді. Салтанат сарайының күмбезді залындағы кездесуге зиялы қауым да, іскер адамдар да, жастар да жиналды. Президент Жетісумен таныстығын қарт тарихтан бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жыр алыбы Жамбыл мен қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіровті дүниеге әкелген өңірді барша халық қадір тұтады. Асқақ Алатаудың бөктері – мемлекеттігіміздің негізін қалаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атамекені. Шын мәнінде қасиетті Жетісу жерінің танымы мен тағылымы терең. Қайта жаңғырған Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан өлкенің келешегі өте зор.

Президент дөңгелек үстел басына жиналғандарды ашық сұхбат құруға шақырды. Жиналғандар тосырқаған жоқ, жоспарларымен бөліскендер де болды. Солардың бірі – «Мәдина» тігін цехының иесі Айман Биғалиева.

Айман Биғалиева, кәсіпкер:

- «Еңбек үйретеді, өмір ширатады» деген жақсы сөз бар. Біз бала кезден еңбекке бейім өстік. «Бастау» бизнес жобасы туралы естіп, курсына жазылып, оқып шықтым. Сөйтіп өткен жылы грантқа ие болдым. Осылайша арманым жүзеге асты. Ұлттық нақыштағы құрақ көрпе шеберханасын аштым.

«Қазақ жалқау халық емес», – деді Президент. Басқасы басқа, Жетісу өлкесінде еңбек көрігі қызып тұр. Жыл басынан бері аймақтағы 185,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Оның ішінде тау-кен өндірісі 72,5,%, жеңіл өнеркәсіп 19,1% артып отыр. Демек, қарапайым заттар экономикасы қалыптасып келеді. Экономикада өсім анық, бірақ Алматы облысында шешімін таппаған әлеуметтік мәселелер бар. Президент оны да назардан тыс қалдырмады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алматы облысында да ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту проблемасы бар. Өткен 20 жылда бұл мақсатқа 500 млрд-тан астам қаржы бөлінген. Бұл – өте үлкен сома, бірақ ауызсу мәселесі шешілген жоқ. Қаржы қайда кетті? Мәселе неге шешілмеді? Есеп комитетіне де сұрақтар бар. Аймақтағы кезекті бір проблема – апатты әрі үш ауысымды мектептер жайы. 2018-2019 жылдары 14 мектеп салуға 15,5 млрд теңге бөлінген. Бірақ бұл аймаққа әлі де 20 мектеп қажет. Сондықтан Үкіметке 2020-2021 жылдарға осы мақсатта қосымша 29 млрд теңге бөлуге тапсырма бердім.

Сонымен бірге Президент бізге үнемдеудің де қажет екендігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев имидждік шараларға қарсы екендігі тағы да қайталады. «Біздегі бар байлықты болашақ ұрпақтың еншісіне қалдыруымыз тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Жиында көтерілген тағы бір мәселе – облыстағы дәрігер мамандардың тапшылығы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Облыстың медициналық қызметкерлермен қамтылуы республикалық көрсеткіштен 30% төмен. Бұл көрсетілетін қызмет сапасына әсер етпей қоймайды. Сондықтан жас мамандарды ауылдарға жіберуді қолдап, сұраныс бойынша маман даярлауға мән беру керек. Облысқа тән тағы бір мәселе – баспана. Құрылыс жүріп жатыр, бірақ өңірде әлі 40 мыңнан астам адам баспанаға кезекте тұр. Соның 11 мыңы – әлеуметтік аз қамтылған отбасылар. Бірінші кезекте осы жанұяларды баспанамен қамтудың түрлі тетіктерін қарауды тапсырамын.

Жетісудың басты байлығы – жері, яғни туризм саласы. Президент жерді әділ бөлу, туристерді тарту үшін инфрақұрылымды дамыту, қызмет сапасын көтеру бойынша бірқатар тапсырма жүктеді. Жалпы бір сағаттан астам жиында Алматы облысын алаңдатқан күрделі мәселелердің күрмеуін шешу мақсатында алдағы уақытқа біршама жоспар қойылды. Дегенмен жиын мерейлі сәтпен аяқталды.

Талдықорғанда Президент бірнеше азаматқа алғыс хат табыстады. Мемлекеттің ең басты байлығы – адамдар. Сондықтан әр өңірдің өркендеуінің арғы жағында осындай азаматтардың үлкен қажыры мен еңбегі жатыр.

Жиын аяқталғанмен, жұмыс сапары аяқталған жоқ. Президент әрі қарай Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барды. Осыдан екі жыл бұрын ашылған нысан енді «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істемек. Кез келген кәсіпкерге қажетті көмек бір жерден көрсетіледі. Өте тез әрі ыңғайлы.

Алматы облысында кәсіпкерлердің саны өткен жылмен салыстырғанда 4% артып, 115 мыңнан асқан. Көрсеткіш бойынша кәсіпке бет бұрғандардың саны көбейіп келеді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өткен жылы «Бастау» бизнес жобасы аясында Алматы облысында 3 мыңнан астам азаматты оқытса, соның тең жартысы өз бизнесін ашқан.

Нариман Әбілшайықов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Мына ауылдарда осы жоба бойынша оқып жатқан көбінесе әйел адамдар. Оқып, бір ай ішінде сертификат алып, бізге сүйеніп кредиттерін алып отыр. Кредиттің орташа мөлшері – 2,5 млн теңге.

Президент барған келесі нысан – «Қайнар» зауыты. 40 жылдан астам тарихында кәсіпорын түрлі жағдайды өткерді. Қазір өндіріс ошағы озық технологиямен жабдықталған. Бұл жерде тәулігіне 10 мың дана, ал жылына 3 млн дана аккумулятор өндіріледі. Талдықорғандағы «Қайнар» зауыты Қазақстанда әзірге жалғыз. Ол ішкі нарықты түгел қамтып отыр, артылғанын алыс-жақын шет елдерге экспорттайды.

Жыл сайын 1,5 млн-нан астам қазақстандық жүргізуші «Қайнар» зауытының аккумуляторын таңдайды. Кәсіпорында жұмыс істейтін 1069 жұмыскер сол сапаға еңбек етеді.

Қанат Дәленов, зауыт бригадирі:

- Осы зауытқа келмей тұрып та 7-8 жыл бұрын «Қайнардың» аккумуляторларын қолданатынмын. Сапасы жақсы. Сұраныс бар. Сырттағы елдер де мақтап жатады.

Президент жұмыс сапары барысында Қаратал ауданына барды. Ауданда 46 800 адам тұрады. Негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Өткен жылы бұл ауданда шамамен 25 млрд теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндірілген. Президентке аудан орталығы Үштөбе қаласында жұмыс істеп тұрған сервистік әкімдіктің жұмысын таныстырды. Үштөбедегі ұядай ғана ғимарат Президенттің өзі жиі айтатын «халыққа жақын болу» принципін үлгі етіп отыр.

Рүстем Бекбосынов, Үштөбе қаласының әкімі:

- Қабылдауға бізге аптасына 12 адамнан келеді. Қабылдау алдын ала жазылусыз, ешқандай қабылдау бөлмесінсіз өтуімен ерекше. Өздеріңіз көріп тұрғандай, рұқсат сұрап кірген соң, келген мәселесін емін-еркін жеткізуге мүмкіндік жасап отырмыз. Халықты ешқайда сабылтпай, сұрақтарын жылдам әрі ыңғайлы шешуге тырысамыз.

Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы жазушы Кемел Тоқаев атындағы мектепке арнайы кіріп, ұстаздармен, оқушылармен жүздесті.

Сонымен бірге Президент ауданда қант қызылшасы мен жүгері егісіне енді кіріскен шаруашылықта да болып, диқандармен кездесті. «Қаратал» шаруа қожалығы қант қызылшасын егеді. Жалпы соңғы 4 жылда облыста қант қызылшасын егу аймағы 9 есеге көбейген.

Алматы облысы – адымдап дамып келе жатқан аймақ. Ол үшін барлық жағдай бар. Орналасуы жағынан сауданың көркін қыздырып, пайда табуға немесе туризмді түрлендіріп телегей табысқа кенелуге болады. Ең бастысы Президент айтқандай, еңбек керек және оның адал болмағы қажет.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов, Руслан Жәкеев