806 мың адам мемлекеттен көмек алды
Сәуірден бастап табысы күнкөріс деңгейінен төмен 806 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек төленді. 10 мың отбасы талапқа сай болмағандықтан, көмек тағайындалмаған. «Бұл көмек тек І тоқсанда ғана беріле ме?» деген сұраққа бүгін Бердібек Сапарбаев жауап берді.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Орта есеппен әрбір отбасыға 105 мың теңге АӘК көрсетіледі. Енді бұл жұмыс әрі қарай жалғасын табады. Әлеуметтік желілерде бұл көмек тек қана І тоқсанда төленеді, кейін төленбейді деп айтылып жатыр. Мен қайталап айтамын: ол жыл бойы төленеді.
Бір рет құжатыңызды рәсімдеп, жәрдемақыңызды алсаңыз, қайтадан Жұмыспен қамту орталығына барудың қажеті жоқ. Тек мамандар тоқсан сайын табысыңызды нақтылап отырады. Атаулы әлеуметтік көмек алғандардың бірі – қарағандылық Гауһар Сәдуақасова. 4 баланың анасы қазір кенжесімен арнайы демалыста отыр.
Гауһар Сәдуақасова, қала тұрғыны:
- Қазіргі заманда 4 баланы асырау қиын. Бәрі қымбат. Секцияларға бере алмаймыз, өйткені ақша жетпейді. Тамағымыздан артылмайды. Өте жақсы көмек болды. Қазір жағдайымыз әлдеқайда жақсы. Жолдасымның айлығы пәтер төлеуге ғана жетеді. Тамаққа да қаржы керек. Сондықтан өте жақсы көмек болды.
Гауһар сияқты бала күту демалысында отырған аналарға «Еңбек» мемлекеттік әлеуметтік бағдарламасы ашылған. Аналар осы бағдарлама арқылы үйде отырып шаруасын дөңгелете береді. Бүгінде бағдарлама аясында 20-дан астам қыз-келіншек оқып, шағын бизнестерін жүргізуде. Одан бөлек Қарағандыдағы көпбалалы отбасылар қоғамдық көлікте тегін жүреді. Ол үшін қалалық бюджеттен 90 млн теңге бөлінді. Жалпы көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек аз емес. Солардың бірі – баспана мәселесі. Көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мақсатында биыл 7 145 жалдамалы пәтер салынады.
Мархабат Жайымбетов, ҚР ИИДМ комитет төрағасы:
- Елімізде 340 мың көпбалалы отбасы болса, соның 28 126-сы әкімдіктерде 1 қаңтарда кезекте тұр. Бұл көрсеткіш 3 айдың ішінде 3 мыңға көбейіп, 31 700 болды. Осы көпбалалы отбасылардың мәселесін шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қомақты қаржы бөлініп отыр. Оның көлемі 7 жылдың ішінде 350 млрд теңгеге жетіп отыр.
Көпбалалы отбасылар үйлі болу үшін жыл сайын 50 млрд теңге бөлінеді. Ол қаржыға 1 жылда 6 мың пәтер тұрғызылады. Осылайша алдағы 7 жылда 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер бой көтермек. Бұдан бөлек Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 18 мың қарыз (займ) бөлінеді. Қарыз бойынша пәтер құнының 10% төлеп, 2% мөлшерлемемен 20 жылға дейін несиеге ала аласыз. «Бұл – баспанасыз жүрген мыңдаған көпбалалы отбасы үшін үлкен көмек», – дейді мамандар.
Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Әлібек Әлиев