Мемлекет басшысы Арменияның Президентімен кездесті
Басқосуда достық қарым-қатынасты дамыту мәселелері талқыланды. Екі ел ЕАЭО мен Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымына мүше болып табылады. Қасым-Жомарт Тоқаев өзара ынтымақтастықтың бастауында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғанын айтты. Өз кезегінде Армения басшысы да Елбасы еңбегін ерекше атап өтіп, АХҚО маңыздылығына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елімізде армян ұлтының мыңдаған өкілі тұрады. Олар Отанымыздың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Ассамблея құрамында еңбек етіп, Парламентте де өкілдері жұмыс істейді. Осы тұрғыда өзара түсіністігіміз жоғары деңгейде. Сіздің Қазақстанға келуіңіз бізді қуантып отыр. Осы сапарыңызға дейін бірнеше рет сөйлескен едік. Достыққа және екіжақты тиімділікке негізделген қарым-қатынасымыз үздіксіз дами береді деген сенімдемін.
Армен Саркисян, Арменияның Президенті:
- Байланысымыз көп бағытта дамып келеді. Халықаралық ұйымдар мен қорғаныс саласындағы әріптестігіміз жан-жақты екені анық. Қазақстанда армян диаспорасының өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқанына қуаныштымын. Олар осы елдің дамуы жолында аянбай еңбек ете беруі тиіс деп ойлаймын. Алдағы уақытта мәдениет, жаңа технология, ғылым және саясат саласындағы қарым-қатынасымыз дами түспек. Тағы бір мәрте Нұрсұлтан Назарбаевтың әріптестікке қосқан үлесін атап өткім келеді. Бұл идея бастауын Қазақстанның елордасынан алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты сауда айналымын арттыру мәселесін де көтерді. Алдағы уақытта бұл елге экспортталатын қазақстандық тауарлар ұлғаюы мүмкін. Президенттердің келіссөзі арқылы осы іс қолға алынбақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан мен Армения арасындағы сауда айналымы былтыр 30% өскен болатын. Оны арттыра беруге мүмкіндік көп. Өңделген өнімдерімізді экспорттауға қолайлы жағдай жасалды. Биыл ЕАЭО құру туралы идеяның жарияланғанына 25 жыл. Елбасының бастамасы бүгінде жан-жақты жүзеге асқанын көріп отырмыз. Одақтың келешегі де кемел. Біз көзқарастарымызды бір ретке келтіріп, ортақ тұжырымға келу үшін жұмыс жасай береміз.