Ертіс өзенінің жағасынан ерте дәуір қорымы табылды
Қазір облыста бірнеше қорым мен тарихи ескерткіште зерттеу жұмыстары бір мезетте жүргізілуде. Алғашқы олжалар да бар. Зерттеушілер жаңа маусымда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қандай жұмыстар атқармақ?
Ғалымдар Ертіс өзенінің жағасынан тағы бір қорымды тапты. Археологтар моланы арши келе басы солтүстік-шығысқа қараған адам сүйегіне тап болды. Олардың топшылауынша, бұл – Х-ХІІ ғасырларда өмір сүрген жауынгердің сүйегі.
Елена Тушева, Margulan centre ғылыми орталығының қызметкері:
- Қорым тоналмаған. Адамның жанынан жебенің ұштары мен тағы басқа бұйымдарды таптық. Заттар металдан жасалған. Біз үшін кез келген тарихи ескерткіш құнды. Бұл – алғашқы олжамыз.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Ал бұл – Павлодар қаласының түбіндегі қимақ-қыпшақ дәуіріне жататын тағы бір тарихи ескерткіш. Дәл осы жерден Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ғалымдары ежелгі арбаны тапқан болатын. Мамандардың айтуынша, бұл – бірегей жәдігер. Себебі осы тектес артефактілер Қазақстан аумағында бұрын-соңды кездеспеген. Қазіргі уақытта ғылыми экспедициялар қазба жұмыстарын жандандыра түсті.
Қимақ-қыпшақ кезеңіне қатысты ескерткіштер соңғы рет жарты ғасыр бұрын зерттеліп, кейін жұмыс тұралап қалған. Олқылықтың орнын толтыруға «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да сеп болды. Бүгінгі күнге дейін ІХ-ХІ ғасырларға тиесілі жәдігерлер табылды. Ғалымдар қорымнан 100-ден астам жібек мата үлгісін зерттеп үлгерді.
Татьяна Крупа, археологиялық текстиль зерттеушісі:
- Бұл - күрделі әдіспен жасалған мата үлгілері. Полихромды, көптүсті жібек. Көгілдір, жасыл, сары түстер кездеседі. Тарихи құнды мәлімет беретін жәдігерлер Қытай, Үндістаннан әкелінуі мүмкін. Бір білетініміз, бұл – шеберлердің қолынан туған заттар.
Ғалымдардың мақсаты – қимақ кезеңіне жататын жәдігерлерді зерттеп, мағлұматтарды бір жүйеге келтіру.
Еңлік Әбеуова, Margulan centre археологиялық зерттеу орталығының маманы, этнограф:
- Margulan centre орталығының негізінде халықаралық «Ұмай» деп аталатын зертханамыз бар. Сол зертханамызда бұрын-соңды толық зерттелмеген ежелгі мата үзінділері, керамикалық ыдыстар мен археологиялық артефактілерді инновациялық әдістерді қолдана отырып, өзімізде зерттеуге мүмкіндік алып отырмыз.
Маусым айының соңында ЮНЕСКО халықаралық ұйымының бір топ ғалымы Баянауыл жеріндегі көне ескерткіштерді зерттемек. Сонымен қатар шетелдік мамандар тарихи орындарды халықаралық ескерткіштер тізіміне енгізу мәселесін қарастырмақ.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков