2023 жылға дейін барлық ауыл ауызсумен қамтылады
Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, сапалы жұмыс атқару үшін енді су тарту жұмыстарымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері айналысуы керек. Министр Сапархан Омаровтың осы ұсынысын Премьер-Министр Асқар Мамин қолдап, бір ай ішінде заңнамалық-құқықтық актілерге тиісті өзгертулерді дайындауды тапсырды.
Ауылдағылар ауызсудан тарықпау керек! Ол үшін нақты жоспар бекітілген. Қазір еліміздегі елді мекендердің 80% орталықтандырылған ауызсумен жабдықталған. Енді алдағы 4 жылда 100% жетпек. Яғни елімізде ауызсусыз ауыл болмайды.
Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Халықтың саны 200 адамнан аз шағын ауылдарды санитарлық нормаларға сәйкес келетін ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында суды тазартатын кешенді блок модульдер орнату қажет. Бұл 1133 ауылды сумен қамтуға мүмкіндік береді. Тұрғыны 200 адамнан көп 1274 ауыл орталық су құбырларымен қамтылатын болады.
Қазір елімізде 16,5 млн адам орталықтандырылған ауызсуды пайдаланып отыр. Алматы облысы тұрғындарының 89%, Қызылорда облысы тұрғындарының 83% таза ауызсумен қамтылған. Ал Жамбыл, Қостанай мен Павлодар облыстарында көрсеткіш төмен. Премьер-Министр Асқар Мамин халыққа тіршілік нәрін тарту үшін әкімдерге белсенді жұмыс істеуді тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Қазіргі таңда Елбасының халықтың тұрмыс сапасын жақсарту тапсырмасын орындау аясында елді мекендерді сумен жабдықтау және оларға су жеткізу бойынша нақты шаруалар іске асырылып, осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. 2023 жылы халықты ауызсумен 100% қамтамасыз ету мәселесі шешілетін болады.
Енді ауылды жерлерге су тартумен 11 мың жұмысшысы бар «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорны айналысатын болады. Яғни жаңадан компания ашылмайды. «Бұл бюджет қаржысын үнемдеуге де, делдалсыз жұмыс істеуге де жол ашады», – дейді Үкімет мүшелері.
Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Есбол Жәмшитов