Сайлаушылардың 35,1% дауыс берді
Сағат 10:00-дегі жағдай бойынша отандастарымыздың 12,8% дауыс берсе, сағат 12:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 35,1% өз таңдауын жасап үлгерген. Бұл жайында бізге Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен мәлімдеген болатын. Сайлаушылардың белсенділігі жағынан Ақтөбе облысы көш басында. Бұл өңірде науқанға қатысушылардың көрсеткіші 50,3%. Бұдан кейінгі орынды 47,3% Алматы облысы алады. Ал Алматы қаласында белсенділік әзірге төмен. Сайлаушылардың 19% өздерінің конституциялық құқығын пайдаланыпты.
Сонымен бірге ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев БАҚ өкілдеріне арнайы брифинг өткізген болатын. Баспасөз мәслихатында ол заңсыз үгіт-насихат жүргізгендер туралы баяндады. «Айта кету керек, үгіт-насихат жүргізу науқаны маусымның 7-сі күні аяқталды. Одан кейін тыныштық күні жарияланды. Ал бүгін президенттік сайлау өтіп жатыр. Сол себепті қандай да бір үгіт-насихат жүргізу заңсыз деп танылады. Ол үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Бірақ бұған қарамастан, әлеуметтік желілерде кей белсенділер бар», – дейді прокурор.
Болат Дембаев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
- Мәселен, Facebook желісінде Қанат Нұрғалиев есімімен тіркелген қолданушы Әміржан Қосановқа дауыс беруге шақырған. Қазір бұл дерек бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. Нақты осы тұлғаның парақшасы екендігі, оның атынан кім кіргендігі нақтыланады. Содан кейін тиісті шаралар қолданылатын болады.
Брифинг барысында тілшілер прокурорға өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Мәселен, ғаламторда Алматы облысындағы бір сайлау учаскесінде азаматша жәшікке екі бюллетень салып жібергендігі туралы бейнежазба тараған еді. Мұндай жағдайда қандай жаза қолданылады? Болат Дембаевтың айтуынша, егер мұндай дерек тіркелсе, онда сайлау учаскесінің төрағасы мен құқықбұзушылық жасаған тұлғаға қатысты әкімшілік жаза қолданылады екен. Ал жалпы өзге құқықбұзушылықтар әзірге байқалмайды. Сайлау науқаны әрі қарай жалғасуда.