Шетелде жүрген қазақстандықтар да өз таңдауларын жасады
Олар үшін әлемнің 51 мемлекетінде 64 сайлау учаскесі ашылды. Ең көп дауыс берушілер Қытай, Ресей және Түркияда орналасқан. Қытайда 2 мыңнан астам, Ресейде бір жарым мыңнан асады, ал Түркияда 2 мыңға жуық адам тіркелген. Шет елдерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жалғасты.
Алғашқылардың бірі болып Токиодағы сайлау бөлімшесі ашылды. Жергілікті уақытпен кешкі 20:00-ге дейін барлығы өз таңдауын жасап үлгерді. Жалпы Жапонияда дауыс беруге құқылы 96 азамат тіркелді.
Ресейдегі отандастарымыз үшін 5 бірдей сайлау учаскесі ашылды. Оның бірі Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде, қалғандары Астрахань, Омбы, Санкт-Петерборда және Қазан қаласындағы еліміздің Бас консулдығында орналасты.
Ал Германияда 254 қазақстандық дауыс беруге ниет білдіріп, ондағы елшілікке алдын ала тіркелген. Мұнда жерлестеріміз үшін екі сайлау учаскесі таңғы сағат 07:00-де есігін айқара ашты. Олардың бірі Майндағы Франкфурт, екіншісі Берлиндегі Қазақстан елшілігінің ғимаратында болды.
Марина Рухова, сайлаушы:
- Осыдан 1-1,5 ай бұрын елшіліктен хабарласып, сайлауға шақырды. Мен оған міндетті түрде қатысатынымды айттым. Себебі халқымның болашақ тағдырына бейжай қарай алмаймын. Жалпы біз сайлауда дауыс беріп, өзіміздің азаматтық борышымызды білдіруге тиіспіз деп есептеймін.
Елімізде дауыс беру процесі аяқталғанмен, АҚШ-тағы сайлау учаскелерінде әлі де жалғасып жатыр. Вашингтонда №249, ал Нью-Йоркте 250-ші сайлау учаскесі ашылған. АҚШ-тың өзге штаттарында тұрып жатқан азаматтарымыз Нью-Йорктегі бас консулдықтағы сайлау учаскесінде дауыс береді. Сондықтан кей азаматтарымыз өз таңдауларын жасау үшін өзге штататтардан ұшақ немесе пойызбен келген. Екі учаске де жергілікті уақытпен кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Жанат Қожабаев, сайлаушы:
- Мен Нью-Йорктегі БҰҰ-да18 жыл жұмыс істеп келемін. Қазақстан азаматымын. Сондықтан Отанымның келешегі үшін дауыс беріп отырмын.