Шетелдік байқаушылар сайлау демократиялық талаптарға сай өткенін айтты
Барлық кандидатқа тең жағдай жасалып, саяси додада бәсекелестік болды. Сайлау барысын көзбен көрген халықаралық байқаушылар осындай пікір білдірді. Олардың айтуынша, уақыт тығыздығына қарамастан, саяси науқан жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Әлем назары Қазақстанда болды. Беделді халықаралық ұйымдардың аманатын арқалап келген миссия өкілдері ақ таңнан бастап, түн ортасы дауыстардың алдын ала есебі шыққанша көз ілмей, президенттік сайлаудың ашық әрі әділ өтуін бақылады. Мыңның үстіндегі шетелдік сарапшыны айтпағанда, азаматтық қоғам белсенділерінен жасақталған 11 мыңға жуық азаматымыз саяси науқанға байқаушы ретінде атсалысты. Отандық сарапшылар заңдылықтың сақталуын бірінші орынға қойса, шетелдік мамандардың бағалау критерийлері бөлек.
Софа Ландвер, халықаралық байқаушы:
- Біз күні бойы көптеген учаскеде болдық. Мен өз тарапымнан ұйымдастыру жағының өз деңгейінде болғанын атап өткім келеді. Он екі мүшесі сау адам үшін кейбір нәрсе ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Ал есту, көру қабілетінен айырылған, яғни мүмкіндігі шектеулі жандарға ол өте қажет. Сайлау кезінде олар учаскелерге еш қиындықсыз кіріп, өз таңдауларын жасай алды.
Адам құқықтарына ерекше қарайтын Еуропа үшін бұл пункттің орындалуы –демократияның алғышарты. Шетелден келген сарапшылардың биылғы саяси додадан дәптерлеріне түртіп алған Қазақстанның тағы бір жетістігі – жеті кандидаттың арасында әйел үміткердің болуы. Гендерлік теңдік те демократия көрінісінің қанық болуына әсер ететін маңызды деталь.
Илка Тайпале, Финляндия халықаралық байқаушылар орталығының мүшесі:
- Бұған дейінгі 2015 жылы болған сайлау науқанымен салыстырсақ, түрлі кандидаттарға дауыс берушілердің саны артқан. Біреуге көп, біреуге аз, десе де әркімнің өзінің пікірі болды. Бұл азаматтардың өз саяси ұстанымдарына қарап таңдау жасай бастағанын білдіреді.
Джейкоб Зенн, Джорджтаун университетінің профессоры:
- Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жалғастырады деп ойлаймын. Ол халықпен етене байланыс орнатуға бекініп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің сыртқы саясатын да дамыта бермек. Қазақстанның дамуы мен алға жылжуы – оның басты мұраты.
Шанхай ынтымақтастығы ұйымынан келген байқаушылар: «800 сайлау учаскесінің әрқайсысына бас сұғып, ашықтық пен әділдіктің сақталғанына көз жеткіздік», – деген қорытынды шығарды. Уақыт тығыздығына қарамастан, ұйымдастыру өте жоғары деңгейде болды. Бұл – шетелдік сарапшылардың сөзі.
Владимир Норов, Шанхай ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы:
- Сағат 12:00-де дауыс беру жәшіктері 40% толды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Сондықтан сайлаушылардың 77% бюллетень алды деген ақпарат шындыққа жанасады. Дауыс беру барысы қатаң қадағаланды, біреудің сырттан араласуына мүмкіндік болған жоқ.
Германиядан келген сарапшы қазақстандық жастардың саяси белсенділігіне таңданыс білдірді. Еуропалық құрдасындай сауық қумай, қазақ жасының саяси процестерге араласуы жақсы үрдіс екенін маман атап өтті.
Вольф-Рутхарт Борн, халықаралық байқаушы:
- Мен барлық сайлау учаскесінде болған жоқпын. Бірақ менің жолым түскен сайлау учаскелерінде дауыс беру процесі заң аясында өтті. Онда барлығы әділ болды деп айтуға болады. Жалпы Алматыдағы сайлау талапқа сай өтті.
Әрбір байқаушының пікірі Қазақстандағы президенттік сайлау туралы сарапшылардың қорытынды құжатына хатталады. Кез келген демократиялық қоғам үшін ол құжаттың оң болуы – мемлекеттің әлемдік қауымдастықпен тату, таңдалған Президент билігінің баянды болуының кепілі.
Авторы: Азамат Алдоңғаров