Хабар телеарнасы

Арыс қаласында қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауда

Азаматтар қауіпсіз жерге көшіріліп, қажетті көмегін алды. Жарылыс туралы алғашқы ресми хабар тіркелген сәтте жергілікті әкімдік өкілдері мен құтқарушылар оқиға орнына жетті.

Арыс қаласының өрт сөндіру қызметінің кезекшілеріне өрт туралы хабар таңғы сағат 09:20-да түскен. Алдын ала мәлімет бойынша №448/56 әскери бөлімнің аумағындағы қару-жарақ қоймасында жарылыс болып, өрт шыққан. Оқиға орнына өңірдің атқарушы органдар тарапынан 460-тай маман мен 53 техника аттанды. Қаладағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін Ұлттық ұланның 500 сарбазы жіберілді. Арыстағы мыңдаған адам жаппай көшірілді. Дүкен, асхана, балабақша, мектептердің жұмысы, жалпы қоғамдық орындардың қызметі тоқтатылды. Қажетті шара дер кезінде қабылданғанша зардап шеккендер бар.

30 жедел жәрдем көлігі тұрғындарға медициналық көмек көрсетті. Төтенше жағдайға байланысты Отырар мен Ордабасы аудандарында 100 орындық екі госпиталь ашылды.

Арыс ауданы мен орталығында 40 мыңға жуық халық тұрады. Барлығы дерлік Қазығұрт, Шардара бағытына қарай көшуі тиіс. Әскери бөлім толықтай қоршауға алынды. Жойқын апатқа не себеп екендігі әзірге белгісіз.

Бақыт Құрманбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

- Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда. ҚР Қорғаныс министрлігі басшылығы атынан оқиға орнына арнайы құрылған комиссия жіберілді. Қарулы күштердің жеке құрамымен оқиғаның салдарын жою іс-шаралары ұйымдастырылды. Жергілікті халық үрейге бой алдырмай, ұйымдасқан түрде адамдарды көшіретін жерлерге баруларын сұраймыз.

Апаттың себептері анықталғанша, халыққа көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылды. Шымкент қаласында 15 эвакуациялық пункт ашылған. Олардың әрбірі халыққа кез келген көмек көрсетуге әзір. Түркістан облысы, Шымкент пен Нұр-Сұлтан қалаларында бірнеше шұғыл желі іске қосылды. Халықты жаппай көшіру кезінде ата-анасынан көз жазып қалған балалар да бар. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «олардың суреттері облыстық әкімдік сайтына жарияланып отырады» деп хабарлады. Осылайша ана мен баланың қауышуына ел атсалысады. Арыстағы ағайынның ауыртпалығын барша қазақстандық жұмыла көтеруге әзір екенін көрсетіп отыр. Мысалы ҚХА Шымкент қаласындағы Достық үйінде зардап шеккендер үшін көмек жинау орталығын ашқан. Ол жерге ең қажетті гуманитарлық заттар, яғни азық-түлік, су-шырындар, балалар тамағы жиналып жатыр. Игі іске алматылықтар да кірісіп кетті. «Мен алматылықпын» қоғамдық қозғалысының белсенділері арыстықтарға тазалыққа қажетті гигиеналық заттар, консервілер, жарма, су, көрпелер жинап жатыр.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Нұрбек Байбосын, Рауан Мыңбаев