Сарапшылар: Нұрсұлтан Назарбаев еуразиялық интеграцияның бағыт-бағдарын нұсқаушы болып қалуы тиіс
Ал осыдан 5 жыл бұрын елордада Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімге қол қойылды.
1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің қабырғасында Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық одақ жобасы туралы алғаш рет аузына алған еді. Ол уақытта бұл бастамаға мән бергендер көп болмаса керек-ті. Алайда өзгелердің сенімсіздігі жобаның жүйелі орындалуына кедергі келтірмеді. Араға 20 жыл салып, 2014 жылы Қазақстан, Ресей және Беларусь басшылары ортақ келісімге қол қойды.
Руслан Аушев, Ингушетияның Тұңғыш Президенті:
- Нұрсұлтан Назарбаевтың тәжірибесін елестетіп көрдіңіз бе? Оның көрегендігін мойындамасқа болмайды. Алғашында одақ құру туралы ой айтылғанда көпшілік «Бұл кімге керек?» деген сыңай танытты. Кейін мұның стратегиялық қадам екеніне бәрінің көзі жетті.
Жаңа бірлестіктің тиімділігі алғашқы 5 жылдың өзінде байқалды. Өйткені ЕАЭО 180 млн тұтынушысы бар тауарлар мен капитал және қызмет нарығына айналып үлгерді. Ал Қазақстан мен Ресейдің өзара әрекеттестігі нарық тамырына қан жүгіртті.
Олег Сосковец, отандық тауар өндірушілер одағының президенті:
- 30 жыл ішінде Қазақстанның саяси элитасы пайда болды. Ізінше Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын қолдаушылар саны артты. Осынау қолдау ортақ идеяны орындауға қажет еді.
Ярослав Лисоволик, РФ Үкіметі жанындағы сарапшылық кеңесінің мүшесі:
- Қазақстанның соңғы бірнеше онжылдықтағы жетістіктерін ТМД кеңістігіндегі үлгілі экономикалардың қатарына қосуға болады. Өйткені елдің саяси экономикалық бағыты жан-жақты болды. Әрине, қазіргі ортақ нарыққа Қазақстанның осы бағыттан тайғаны қажет емес.
Биыл мамыр айында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевты Жоғары еуразиялық кеңестің Құрметті төрағасы етіп сайлады. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті еуразиялық ықпалдастықтың бағыт-бағдарын нұсқаушы болып қалуы тиіс.
Сергей Рекеда, ықпалдастық келешегін зерттеу орталығының бас директоры:
- ЕАЭО-ның дамуы туралы талқыға негізделген бәрімізге ортақ бағыттаушы керектігі түсінікті және осы орайда Нұрсұлтан Назарбаевқа тең келер үміткер жоқтың қасы. Естеріңізде болса, ол одақтың басқа экономикалық бірлестіктерден оқшауланбағанын қалады. Меніңше, Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бағыттағы қызметі әрі қарай да жалғасын табады.
Сарапшылардың айтуынша, әлемде болып жатқан сауда соғысы жағдайында одақтың стратегиясын анықтау, оның даму бағытын нақтылау сынды тапсырмалар жетіп артылады. «Сондықтан көпшілік Нұрсұлтан Назарбаевтың миссиясы аяқсыз қалғанын қаламайды», – дейді мамандар.
Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев