Қостанайдан алғашқы көмек автокеруені Арыс қаласына жол тартты

Жеке кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері бір күндік жалақысын аударуға ниет білдірген.

Қостанайдан алғашқы көмек автокеруені Арыс қаласына жол тартты. Жеке көліктерге барлығы 20 тонна ұн, 7 тонна макарон, 3 тонна түрлі тәттілер тиелді. Келесі кезекте құрылыс материалдарын, басқа да керек-жарақтарды жіберу көзделіп отыр. Бұған қоса жергілікті кәсіподақ бірлестігінің жастар қанаты бір жасқа дейінгі сәбилерге арналған гигиеналық заттар, қажетті тағамдар жинаған. Ал өңірдегі мемлекеттік қызметкерлерлер арнайы есепшотқа 20 млн теңгеге жуық қаржы аударған.

Толқын Мырзабаева, «Келешек» жастар кеңесінің мүшесі:

- Арыс қаласы бойынша әлеуметтік желіге жария салған едік. Қазір Қостанай облысының жастары қаншама көмек көрсетіп жатыр. Олар өздерімен бірге кішкентай сәбилерге қажетті тағамдарын, ойыншықтарын, гигиеналық заттарын әкеліп жатыр.

Ал Семей қаласы медициналық университетінің қызметкерлері Арыс тұрғындарына бір күндік жалақысын жібереді. Осылайша көмек қорына 4 млн теңгеге жуық қаражат аудару көзделіп отыр. Арыстықтарға қол ұшын созғандардың ішінде жастар да көп. Мәселен, студенттер қан тапсырып, одан түскен қаражатты қорға бермек.

Думан Төлеуханов, студент:

- Біз болашақ дәрігерлер ретінде Арыста болып жатқан жағдайға немқұрайлы қарай алмаймыз. Сондықтан студенттер әрқашан көмеккке дайын. Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан акцияға біз де атсалысамыз.

Арыстағы ағайындардың көңіліне демеу болмақ ниетпен Қызылорда қаласы әкімдігіне қарасты барлық бөлім мен ұжым қызметкерлері де бір күндік жалақысын аударуға ниет білдіруде. Сонымен қатар қаржылай қолдау көрсету мақсатында арнайы акция ұйымдастырылды.

Оңталап Нұрмаханов, қала тұрғыны:

- Қызылорда қаласындағы қайырымдылық акциясын көргенде халқымыздың осындай қиындық кезде бірігетіні, бір-бірін қолдайтыны қан қасиеттен бар екенін көргендейміз, білгендейміз. Қызылорда қаласының адамдары ағылып келіп, қайырымдылық акциясына қатысып жатыр.

Арыстықтардың жағдайын түзеуге ақмолалықтар да атсалысты. Мемлекеттік қызметшілер мен барлық кәсіпорынның жұмысшылары өздерінің бір күндік жалақысын көмек ретінде аударды. Олар 11 млн теңгені арнайы есепшотқа салған. Ал кәсіпкерлер 5 млн теңге қаражат жинаған.

Авторы: Меруерт Жақан