Хабар телеарнасы

Мәжіліс несие ауыртпалығын жеңілдету тапсырмасын орындау тетіктерін қарастырды

Мәжіліс несие ауыртпалығын жеңілдету тапсырмасын орындау тетіктерін қарастырды

2019-2021 жылдарға арналған бюджетке өзгеріс енгізу жөніндегі заң жобасын қарады.

3 жылдық бюджетте мұнай бағасы, болжанған жылдық инфляция деңгейі, ЖІӨ өсімі өзгеріссіз. Кіріс, шығыс та сол қалпы. Тек қаржыны қайта бөлу қарастырылған.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді қайта бөлу ұсынылады, 370 млрд теңгеден 300 млрд теңгені әлеуметтік салаларды күшейтуге, тұтынушылық кредиттер бойынша халықтың борышын төмендетуге, сондай-ақ Үкіметтің резервін ұлғайтуға жіберу ұсынылады.

Нақтырақ айтсақ, қиын жағдайдағы жандардың қарызын жеңілдетуге 89,2 млрд теңге, жұмыспен қамтып, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға жәрдемдесіп, жастарды қолдауға 138,6 млрд теңге, ал Үкімет резервін ұлғайтып, Арыс оқиғасы салдарын жоюға 72,2 млрд теңге бөлінбек. Депутаттар қыруар қаржы жұмсалғанымен, кей жобалардың нәтижесіздігін сынады. Мысалы соңғы 10 жылда жұмыспен қамтуға 964 млрд теңге бөлінген, ал жұмыссыздық деңгейі азаймаған. Нарыққа қажет жұмыс орындарын анықтау сараптамасы әлі жоқ.

Арман Қожахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жұмыс орындары қажеттілігіне сараптама жұмысын кім жасайды, ол қандай әдіс бойынша жүргізіледі? Қорытынды жоба әзірленбесе де, жұмыс орындарын құруға және шағын несиелеуге қаражат бөлініп қойған. Аз ақша емес, 53 млрд теңге берілген.

ҚР Ұлттық экономика министрі қаражат қайда кеткенін түсіндірді, бірақ депутаттар тиісті құжатсыз алдын-ала қаржы бөлу қисынсыз екенін айтты және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек жылдам және әуре сарсаңсыз берілуін сұрады.

Нұртай Сәбильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қайта-қайта өтініш жасатып банкке бара бермеу үшін банктер оларға қарыздарының берешегін жою туралы хабарлама беру керек. «300 мың теңге берешектеріңіз жойылды, қарыздарыңыз жоқ» деп.

Бұл – мемлекетке жаппай масыл болу деген сөз емес. Тағдырдың тәлкегімен ауыр жағдайға душар болғандарға көмек екенін депутаттар баса айтты.

Гүлжан Қарақұсова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мемлекет тек қиын жағдайда қалған азаматтарға қол ұшын созып көмектесіп жатыр. Сондықтан «әлеуметтік көмекті мемлекетке иек арта беруге болады» деп түсінбеген абзал.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға көмектің шынайы мұқтаж жандарға берілуін қадағалауды тапсырды. Сессияның соңғы пленарлық отырысын қорытындылаған спикер заңнамалық жұмыс Тұңғыш Президент – Елбасының әлеуметтік стратегиялық тапсырмаларын орындауға бағытталғанын атап өтті. Табиғи монополиялар, стандарттау, арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар мен көлік мәселелері туралы маңызды заңдар мақұлданды. Дәрі-дәрмек айналымы, тұрғын үй қатынасы туралы құжаттар да Мәжіліс сүзгісінен өтті.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Мәжіліс спикерінің мәліметінше, 4 сессияда 41 пленарлық отырыста 199 мәселе талқыланған. Палата 110 заң жобасын қараған, оның 81-і мақұлданып Сенатқа жолданған. Халықаралық конференциялар мен көшпелі отырыстар өткен. Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары сессия аяқталысымен халықпен жүздесу үшін өңірлерге аттанады. «Бұл – заңнамалық жұмыстың маңызды тұсы», – деді Мәжіліс төрағасы.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Қанат Әбілдин