Еуразия астаналарының қаламгерлері елордада бас қосты
Оған 20-дан астам мемлекеттен 300-дей ақын-жазушы қатысуда. 2 күнге жоспарланған шарада қатысушылар үшін әлем әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық, авторлық құқық тұрғысында пленарлық отырыс өтеді.
Бұл маңызды шараға еліміздің қалам ұстаған қауымға қоса Испания, Үндістан, Мысыр мен Түркиядан көркем әдебиетті жаңа белеске көтеріп жүрген айтулы сөз зергерлері қатысуда. Олардың көбі қазақ әдебиетінің жауһарларымен танысып, өз тілдеріне аударып, бірнеше еңбек жазып шығарған.
Джемиле Кінаджы, аудармашы:
- Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романын түрік тіліне аудардым, сосын Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесін тәржімаладым. Біздің әдебиеттеріміздің арасында байланыс болуы керек. Сондықтан аударманың маңызы зор.
Форумның тақырыбы – «Әлемдік әдебиет: стереотиптен арылу». 2 күн бойы қаламгерлер әлем әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық, авторлық құқық пен кітап бизнесі мәселелерін талқылап, ойларымен бөліседі. Тұңғыш халықаралық форум елорда әкімдігі және Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы:
- Бұл – маңызы бар, мәнді әңгіме айтылатын, келелі тақырыптар қозғалатын, әдебиетке пайдасы тиетін шара. Біздің ұсынысымыз – осы форумды дәстүрге айналдыру.
Жиында cөз алған халық жазушысы, Қазақстанның еңбек ері, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов кезінде кітапты ең көп оқитын халық Қазақстанда болғанын айтып, кітап культін қайта қалыпқа келтіру керектігіне тоқталды.
Мерей Қалиасқар, тілші
- Әдебиетте әлемді асыл сөз маржанымен, орайы келген ұйқаспен жеткізу ақын-жазушылардың жауапкершілігі болса, сол терең ойды, мағыналы дүниелерді оқып-білу, түсіну оқырманның пайым-парасатына артылатыны белгілі. Әдебиет адамдарды біріктіреді. Онда ұлты, жасы, діні мен жағдайына қарап бөліну жоқ.
Авторлары: Мерей Қалиасқар, Әлібек Әлиев