Парламент отырысында 83 заң жобасы қабылданды
Қос палата депутаттары заңнамалық жұмыста Тұңғыш Президент – Елбасының әлеуметтік стратегиялық бастамалары мен Президенттің халықты қолдауға арналған тапсырмаларын негізге алды. Сенат пен Мәжілістің осы сессиядағы жұмысы әдеттегіден ауқымды болды, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашатын 83 заң жобасы қабылданды. Депутаттар сессия аяқтала сала, халықтың мұң-мұқтажын білу үшін өңірлерге сапарлайды.
Бұл сессия кезінде ел тағдырын айқындайтын тарихи оқиғалар болды. Ол ең әуелі Елбасының президенттік өкілеттігін уақытанан бұрын тоқтату туралы шешімі, жаңа Мемлекет басшысының сайлауы болды. Бірлескен отырысқа төрағалық еткен Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин қос палата депутаттарының жұмысы бұл жолы әдеттегіден ауқымды болғанын айтты. «Заңнамалық жұмыста Елбасының сессияның ашылуында және Жолдаудағы тапсырмалары мен Президенттің бастамалары негізге алынды», – деді Мәжіліс спикері.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Осы қабылданған әрбір заң ең алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық және әлеуметтік бастамаларын орындауға бағытталды. Әрбір заң сонымен бірге еліміздің дамуына, халқымыздың өмір сапасын күшейтуге жаңа серпін берді. Ал ең бастысы қабылданған барлық құжат азаматтарды қолдауға және қорғауға арналды. Осының барлығы екі палата депутаттарының бірлескен жұмыстарының нәтижесі деп санаймыз. Сенат та, Мәжіліс те заң шығару жұмысына белсенді араласып, алға қойған басым бағыттар нәтижелі жүзеге асырылды.
Сессия барысында қос палатаның 5 бірлескен отырысы, Сенатта 26, Мәжілісте 41 пленарлық отырыс өткізілген. Онда 300-ден аса маңызды мәселе талқыланды. Жалпы 83 заң жобасы қабылданып, оның 82-сіне Президент қол қойып, заңды күшіне енді.
Ерболат Мұқаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Парламент пен Үкімет қоян-қолтық жұмыс жасауының арқасында қыруар іс тындырылды. Екінші деңгейлі банктердің қордаланған мәселесі шешілді. Халықты қарызға белшеден батырып жүрген онлайн несие беретін ұйымдар мен ломбардтардың жұмысын реттеу қолға алынды.
Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Көптеген заң қабылданған, көбісі қазір жұмыс үстінде. Оның барлығы да елдің мүддесіне қызмет ететін болады. Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заң бірінші оқылымда қабылданғаннан кейін де біз 7 рет жұмыс тобының отырыстарын өткіздік, барлық ғалым мен сарапшыны шақырып түзетулер енгізуге тура келді.
Ұлт жоспарын орындау, сот жүйесін жетілдіру туралы заңдардың орны бөлек. Елбасы тапсырмасымен депутаттар тұрғын үй қатынастары туралы заң жобасын да әзірледі. Әлеуметтік бастамаларды мүлтіксіз орындау үшін бірқатар заң өзгертілді. Шағын және орта бизнес пен аграрлық секторды дамыту, экономиканы цифрландыру, стандарттау туралы құжаттар да Парламент сүзгісінен өтті.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Үкіметтік органдар дайындаған заң жобаларға кейде депутаттар 300-500 өзгерту енгізіп, қажетті нәтижеге жеткізген. Біздің тұтынушыларымыз пайдаланатын тауарлар ең жоғарғы стандарттарға сай болу үшін заң жобасын қарадық.
Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Халықтың әлеуметтік өзекті мәселелерін талқылауға байланысты заң жобасы қабылданды. Республикалық бюджеттің қабылдануы – еліміз үшін өте маңызды құжат. Жаңа экологиялық кодекс қабылданады, Парламентте де қаралады деген болжам бар. Педагогтар туралы заң да V сессияда қаралады деген ойдамыз.
Президенттің жағдайы қиын азаматтардың қарыз жүктемесін азайту туралы тапсырмасына байланысты 3 жылдық бюджетті өзгерту туралы заң жобасы қабылданды. Бұл атқарылған істің бір парасы ғана. Сессия аяқталған соң Парламент депутаттары халықтың жағдайымен етене танысу үшін өңірлерге сапарлайды.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Ерсін Мұхамбеталин