Ақмола бекінісінде XIX ғасырда еркін экономикалық аймақ болған
Қазақтан шыққан бір топ көпес бірігіп, қазіргі Нұр-Сұлтанда тұңғыш гимназия салған екен. Мұсылман мектебінің алғашқы түлектері Сәкен Сейфулиннен тәлім алыпты. Бекіністің болашақта қала болып қалыптасуына сол кездегі көпестердің көп көмегі тиген.
Жомарттардың ақшасына мешіт, медресе, театрлар салынады. Ал алғашқы заманауи фабриканы Ақмоладан 1895 жылы Баймұхамбет Қосшығұлов деген бай салған. Қазір елордада 34 тарихи сәулет ескерткіші бар.
Азамат Алдоңғаров, тілші:
- Қазіргі Кенесары көшесі. Бұрынырақта оңтүстік пен солтүстіктен келген сауда керуендері дәл осы жерде тоғысып, үлкен жәрмеңке болған. Бұл – қазіргі тілмен айтқанда еркін сауда алаңы. Ақмолада көпестердің көп болуының себебі де осы.
Көп болғанының дәлелі – ескі орталықта қайталанбас сәулетімен қаланың сәнін келтіріп тұрған көпес үйлері. Оны сол кездегі Ақмоланың қазіргі түсініктегі кәсіпкерлері арнайы Петербордан адам алдыртып салыпты.
Мәншүк Исаева, Тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтауды қамтамасыз ету дирекциясының ғылыми қызметкері:
- Оң жағыңызға қарасаңыз, мына жерде жасыл базар деген болды. Ол кездегі белгілі көпес Баймұхамбет Қосшығұлов осы базарды ашу үшін несие алған.
Баймұхамбет Қосшығұлов ең алғашқы болып 1895 жылы Ақмоладан кондитерлік фабрика салыпты. Оның тәттілерінен патша дәм татқан деседі. Тарихымыздағы тұңғыш фабрика туралы еске салар қазір тақтайша да жоқ. Ал бұл көпес – Нұрмұхамет Забиров салған жасыл мешіттен қалған тәбәрік. Заманның жомарттары жұмылып мешіттің қарсы бетінен 1907 жылы Ақмоланың тұңғыш мектебін ашады.
Мәншүк Исаева, Тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтауды қамтамасыз ету дирекциясының ғылыми қызметкері:
- Сол кезде осы жерде Сәкен Сейфуллин сабақ берген. «Сендер білесіңдер ме?» деп оқушылардан ылғи сұраймын. Нұр-Сұлтан қаласында ашылған ең алғашқы мектепті көбісі біле бермейді.
Көне ғимараттарды қызғыштай қорып жүрген Өмірбек Жұмағұловтың ел астанасы туралы естеліктері мүлдем бөлек.
Өмірбек Жұмағұлов, Тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтауды қамтамасыз ету дирекциясының бөлім басшысы:
- Биік үйлер жоқ еді. Айырмашылық өте үлкен. Шындығында, ескі қала өзіме жақын.
Бұл Сарыарқадағы Санкт-Петербордың бөлшегі десек қателеспейміз. Василий Кубрин деген бай баласы Ресей астанасына барып, балеринаға ғашық болмасы бар ма?
Мәншүк Исаева, Тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтауды қамтамасыз ету дирекциясының ғылыми қызметкері:
- Ол актрисаны осы жаққа шақырып тұрмыс құрайық деген ұсыныс жасаған. Ал ол: «Маған сарай үй салсаң ғана келісемін», – деп шарт қойған екен. Содан Василий Кубрин осы үйді салған деседі.
Біраз жыл Украина елшілігі болған ғимартты сыртынан ғана тамашалап, қоршаудан аса алмай армандап кететінбіз. Биыл көпес үйін мұражай қылу туралы шешім шықты.
Азамат Алдоңғаров, тілші:
- Менің артымда тұрған көпес үйінің қызметшілер үйі. Сондай-ақ бұл жерде қысқы бақ болған. Халық арасында көп айтылатын аңыз-әңгіме, үлкен құпия тұрғын үй мен сауда үйінің ортасында жертөле болған деседі. Жертөленің екі түрлі мақсаты болған. Бірі – Ақмоланың саршұнақ аязында далаға шықпау, екіншісі – күтпеген жерден жерасты жолы арқылы сауда үйінен атып шығып, саудагерлердің адалдығын тексеру.
Көпестің күдігі орынсыз болса керек. Сауда адал болғандықтан да, «Кубрин, ұлдары және компания» сауда үйі араға ғасыр салып әлі тұр. Бірақ оған қазір ешкім жертөлемен жетіп бармайды. Ғимаратты ұрпаққа сақтап қалсақ та, жерасты жолы көміліп қалған. Әлемге Қазақстанды танытқан Нұр-Сұлтанның біз танымайтын, туристерді таңғалдырар осындай қырлары бар.
Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Айдос Меделбеков