Бас қаланың тарихы ежелгі Бозоқ шаһарынан басталады
Жас та болса бас қаланың тарихы сонау ежелгі түркі дәуірінен басталады. Біз білмейтін ол қандай құпиялар?
Риат Шони, тілші:
- Бозоқ. Бас қаланың бастауы дәл осы ежелгі шаһардан басталды деуге болады. Өйткені VII-VIII ғасырларда осы жерде ежелгі түріктер мекендей бастаған екен. Топырағы тарихқа тұнып тұрған жерге көпшіліктің келе бермейтіндігі көрініп-ақ тұр. Бұл жер қазір лай-батпақ. Қазір біз ежелгі шаһарды өз көзімізбен көру үшін толарсақтан су кешпекпіз.
Көне қала орнында қазір тек қазба жұмыстарының ізі ғана қалған. Бұл мекен мемлекеттің қорғауында тұр.
Риат Шони, тілші:
- Кезінде бұл жерде қалашық болды деп айту қиын болар. Өйткені дәл қазір мұнда қазба жұмыстарының қалдықтары ғана қалған. Көбін бір сұрақ мазалайтындығы анық. Түріктер не себепті дәл осы жерге қоныстана бастады? Ғалымдардың жауабы – біреу. Өйткені арқа төсінде түрлі керуен жолдары өткен. Сол себепті бұл стратегиялық маңызға ие маң болып саналады.
Қазіргі елордада сауда-саттық пен мәдениет осыдан 1200 жыл бұрын түйісіп, маңызды мекенге айналғандығын Есіл археологиялық эскпедициясының жетекшісі Марал Хабдулина да айтады. Ол осы көне шаһарды 21 жыл бойы зерттеп келеді. Бір қызығы ежелгі қалашық ел астанасы Алматыдан Нұр-Сұлтанға көшірілген жылы ашылған.
Марал Хабдулина, ЕҰУ Есіл археологиялық экспедициясының басшысы:
- Бұл – ғылыми тұрғыдан қарағанда өте маңызды археологиялық ескерткіш. Өйткені Қазақстанның жазық даласында, сонымен қатар Еуразияның жазық аймағында мұндай ескерткіштер жоқ.
Елордасы Алматыдан көшірілген жылы көпшілік бұл жақтағы өркениет тек ХІХ-ХХ ғасырларда ғана басталды деген. Бұл пікірмен шетелдік мамандар да келіспейді.
Жан Лука Бонора, Азия мен Африканы зерттеу институтының археологы:
- Бұрын бұл жақта адамдар тұрмаған немесе бұл жерде өмір сүру жағдайы басқаша болды деп айтуға болмайды. Ол мүлдем дұрыс емес. Бұл жерде адамдар өмір сүріп, қорғандар, ескерткіштер салып, өз мәдениеттерін құрған.
Қазіргі ел астанасының өркендеуі мен тарихынан сыр шертетін тарихи ескерткіштер шаһар ішінде де бар. Мәселен, бұл көне зират Бозоқтан шамамен 900 жылға кіші екен. Тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов: «Мұндағы алғашқы балбал тастар 1609 жылдары қойылған», – дейді. Жалпы мұндағы тастардың саны 2 мыңға жуықтайды. Тағы 8 мың мола ешқандай белгімен белгіленбеген.
Марат Әбсеметов, тарих ғылымдарының докторы:
- Бұл жерде кешегі Жалаңтөс батыр, үш жүздің батырлары, билері жатыр. Төле, Қазыбек, Әйтеке бидің ұрпақтары да осы зиратта жатыр. Міне зерттейтін орталық, рухтанатын жер.
Рухтанатын жерлер қазіргі елордада жетерлік. Оны бірі білсе, енді бірі білмейді. Бұл қабырға ХVІІІ ғасырда тұрғызылған. Кейін осы маңда ХІХ ғасырда бой көтерген «Жасыл мешіт» болған. Қазір ол нысан жоқ.
Марат Әбсеметов, тарих ғылымдарының докторы:
- Бұл мешітте кезінде соғысқа кетерде Сағадат Нұрмағамбетов, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев аталарымыз бата сұраған, құран оқытқан деседі. Сол тарихымыз орнына келіп жатыр. Сондықтан бұл – киелі орын.
Келмеске кеткен кеңес дәуірін бастан өткеріп, Есіл бойындағы жас шаһар бас қалаға айналды.
1998 жылы Нұр-Сұлтан қаласының аумағы небәрі 25 мың гектар болса, қазір ол Вашингтоннан 4, Парижден 7 есе үлкен. Уақыт өткен сайын Орталық Азияның жауһары гүлденіп келеді. Енді 2030 жылы сәулетшілердің айтуынша шаһарды көркейтудің алғашқы шебі аяқталады.
Аркадий Пирожков, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС бас сәулетшісі:
- Қала бір орында тұрмайды. Ол әрқашан өзгеріп отыратын тірі ағза іспетті. Уақыт өткен сайын ғимараттар да өз келбетін өзгертіп келеді. Егер 20 жылдық нысандарды қарайтын болсақ, олардың архитектурасы өзгеше. Ал қазір жаңа технологиялар, жаңа материалдар қолданылады. Бұл 2030 жылмен шектеліп қалмайды. Алдағы уақыттары да таңғажайып нысандар бой көтереді.
Аркадий Пирожковтың айтуынша, алдағы уақытта үлкен сауда орталықтары орналасқан аудандар, спорттық нысандар мен негізгі тасжолдар түбегейлі өзгереді. Ол жерлерде ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Нұр-Сұлтан екі ғасыр шебін батыл аттап, әлемнің алпауыт астаналарымен бір қатарға тұрды. Бұл бас қаланың тек бастауы ғана десек қателеспейміз. Кемел қаланың келешегі әлі де алда.
Авторлары: Риат Шони, Мейрамбек Ахмаханов