Мемлекеттік қызметшілер өндіріс ошақтарында тәжірибе алмасып жатыр
Шенеуніктер үйреншікті кабинеттерді тастап, өндіріске араласты. Бұл бастаманы облыстық Мемлекеттік қызмет істері департаменті қолға алған. Жергілікті атқарушы билік өкілдері квазимемлекеттік құрылымдардың жұмысымен етене танысуы тиіс.
Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Болат Серіков күнделікті есеп-қисап пен жоспарларды тастап, арнаулы киім киген. Шенеунік шаһарды ауызсумен қамтамасыз етуші мекемеге жолдама алған. Монополист мекеменің тұрмыс-тіршілігімен етене танысып жүргеніне бір аптаға таяпты.
Болат Серіков, Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
- Бір аптаның ішінде насостық станцияларға бардым. Канализацияларды, кәріз құбырларын қарадым. Қағазбен отырған кезде ондай заттарды көзбен көре алмайсың. Ал мына жерде тәжірибе жүзінде көріп отырамыз. Осы шаралардың әсері, пайдасы бар деп ойлаймын.
Жыл басынан 56 шенеунік функционалдық міндеттеріне сәйкес түрлі мекемеге жолданды. Мәселен, табиғатты қорғау қызметі мамандары орман шаруашылығымен танысып, жаңа дағдыларды игерсе, Денсаулық сақтау басқармасынан түрлі емхана мен дәрігерлік амбулаторияға жолданады.
Расул Медетов, облыстық Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы:
- Тәжірибе форматын өзгертіп жатырмыз. Мысалы ауылдық жердегі ауруханада немесе емханада тәжірибеден өту. Мұның нәтижесінде мамандар халықпен жұмыс істейтін, халыққа қызмет көрсететін мекемелерге барып, тәжірибе алмасады.
Бұл тәжірибе – кадрларды даярлау үрдісін жетілдірудің бір жолы. Жыл соңына дейін тағы 33 мемлекеттік қызметші жаңа дағдыларды игеруге жолданады. Сәйкесінше жоба авторлары мемлекеттік қызмет сапасы артатынына сенімді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков