Ресейде өткен «Туған жер» фестивалінде қазақ халқының ұлттық мәдениеті ұлықталды
Ұлттық салт-дәстүрімізді паш еткен шараға көрші ел өңірлерінен 5 мыңнан аса адам қатысты.
Осыдан екі ғасыр бұрын алғаш қазақ тайпалары қоныс тепкен Челябі облысының Верхнеуральск қаласында бүгінде 3,5 мыңдай қандасымыз тұрады. Негізінен олар мал шаруашылығымен, кәсіпкерлікпен айналысады. Тұрмыс жағдайлары көбінен көш ілгері. Бір өкініштісі сол, жастарды айтпағанда, үлкендердің өзі ана тілінен ажырап қалған. Мектепте оқытылып келген қазақ тілі сабағы 3-4 жыл бұрын жабылып қалыпты.
Алтыншаш Тасқаранова, «Ақжайық» қазақ орталығының басшысы:
- 2011-2015 жылға дейін мектепте 40-30 бала жүретін еді. Қазіргі уақытта Челябі облысы мен Қазақстан министрліктері бірігіп, бір дұрыс ұжымдық бағдарлама жасау керек.
Бірақ қалай десек те, ресейлік қазақтар діни сенім, ұлттық салт-дәстүрге берік. Оны жыл сайын өткізілетін «Туған жер» фестивалінен байқауға болады. Қаз-қатар тізілген киіз үйлер, ұлттық киімде ән айтып, қызмет көрсеткен қыз-жігіттер, ат жарыс, палуан күрес құдды бір қазақ ауылындағы қызық-думанға тап болғандайсың. Бұл тойға Қостанай облысының өкілдері де өз тарту-таралғыларымен келген.
Айнұр Жадырова, Қостанай облыстық Достық үйінің өкілі:
- Мына жерде жаңа туған баланы бесікке қалай салу керек, соның бәрін үйретіп кетеміз. Сондай-ақ мұнда біздің қазақы оюлармен тігілген көрпелеріміз және ата-бабаларымыздың бұрын киген шапандары мен тымағы бар.
Ал енді тойдың бір шетін «Менің әжем әдемі», шай мәзірін дайындау, жайма жаю байқаулары қыздырып жатты. Түрлі ұлттық тағамдарға толы шай дастархандарының ішінен үздігін анықтау қазылар алқасына да оңайға соққан жоқ.
Гүлсара Тұрғынова, қазылар алқасының мүшесі:
- Құрт, ірімшік, май, қаймақ сияқты ата-бабамыздың мұрасын осы уақытқа дейін сақтап келе жатқан келіншектерге, апаларымызға басымызды иеміз. Бағалау өте қиын, бәрінің дастарханы төгіліп тұр.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Мына жерде қамыр илеудің хас шеберлері жиналған. Жалпы нан ысудың да өзіндік қыр-сыры бар. Менің білуімше, жайма жұқа және біркелкі болу керек.
Делебені қоздырып, қиқуға бастырған тай, құнан, ат арбамен жарыс сияқты бәсірелі бәсекелерді қызықтағандар да аз емес. «Қазақтың өнері мен дәстүрі дәріптелген әсерлі мереке болды», – дейді тойшыл қауым.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг