Отандық денсаулық сақтау жүйесіндегі скрининг процедурасы қалай жүруде?
Бұл – Президент тапсырмасы. Мемлекет басшысы тіпті халықты скринингпен қамту деңгейін көтеру, яғни барлық емханада тегін тексеру шараларын толық реттеу жайлы айтқан болатын. Отандық денсаулық сақтау жүйесіндегі скрининг қазір қалай жүріп жатыр? Халықтың белсенділігі қандай?
Елордалық Гауһар Жүсіпова бірнеше жыл қатарынан скринигтен өтіп тұрады. «Бірінші байлық – денсаулық» деген халық мақалы бар. Бірақ шыны керек, Гауһар әжей секілді дәрігерлердің скринингке шақыруын қуана қабылдайтындар аз.
Гауһар Жүсіпова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Жаман аурумен ауыратын адамдар қазір көбейіп кетті. Енді өзім скринингке шақырған сайын келемін, ер адамдар көбіне келгілері келмейді. Бару керек, оның үлкен пайдасы бар, егер ауру болса алдын ала білесің.
Елімізде ұлт денсаулығын нығайту жүйелі жүзеге асырылуда. Скринингтің 7 түрі қолға алынған.
Балнұр Иманбердиева, Нұр-Сұлтан қаласының №2 емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері:
- Артериалдық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруын және қант диабеті ауруын анықтау үшін глаукома ауруы қазіргі кезде өте белең алған. Әйелдер арасында сүт безінің қатерлі ісіктерін, жатыр мойнының ісік ауруларын, ал ер адамдардың арасында жүректің ишемиялық ауруларын анықтау мақсатында жүргізіледі.
Денсаулықты ерте жастан күту қажет. Сондықтан дәрігерлер балалардың денсаулығын да назарда ұстайды. Биылғы бірінші жартыжылдықта 5,5 млн бала тексерілуі тиіс болса, олардың 3 млн-нан астамы дәрігер қарауынан өткен. Нәтижесінде 302 мың баланың науқас екені анықталды.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Дәл осы жартыжылдықта 8 млн ересек адамды скринингтен өткізу жоспарланған. Қазір оның 3,5 млн-ны тексерістен өтіп болған. Скрининг нәтижесінде 116 мың адамның ауруға шалдыққаны анықталып, оның 94 мыңы диспансерлік есепке алынған.
Сонда жоспардың шамамен 45% ғана орындалған. 30-дан 70 жасқа дейінгі темекі мен ішімдікке әуес, дене шынықтыру жасамайтын, дұрыс тамақтанбайтын адамдарды екі жылда бір рет тексеріп тұру көзделген. Ол да толық жүзеге аспаған. Себебі халықтың тең жартысы тексеріске келмейді.
Бибігүл Кәкімжанова, ҚР ДСМ ҰҚДСО департаментінің бөлім басшысы:
- Біздегі менталитет пе екен, ауырғанда ғана келетін жандар бар. Көбі жұмыстан қолдары тимейтінін айтады. Ал скринингтің арқасында қаншама қауіпті аурудың алдын алуға болады. Тексеріс тегін жүргізілсе де халық аз келеді.
Президент тұрғындардың скринингпен қамтылу деңгейін кеңейту туралы салаға жауапты ведомствоға тапсырма да берген болатын. Алайда дәрігерлер көп адам денсаулығына немқұрайлы қарайтынын айтады. Сондықтан мемлекеттік деңгейде арнайы шара қабылдауды сұрап отыр.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Қанат Әбілдин