Биыл Жалаңашкөл оқиғасына 50 жыл
Бұл күн тарихта Жалаңашкөл оқиғасымен белгілі. Қазіргі Қазақстан мен Қытай шекарасында болған қарулы қақтығысқа биыл 50 жыл толды. Осыған байланысты еліміздің шекарашылары сол күні ерлік көрсеткен жауынгерлерді еске алып, қаза тапқандардың рухына тағзым етті.
Риат Шони, тілші:
- Қазақстан – Қытай мемлекеттік шекарасы. Қазір бұл жер тыныш. Достастық орнаған. Ал осыдан 50 жыл бұрын екі алып мемлекет КСРО мен Қытай бір-біріне қару кезенген шақ еді. Оның бірден-бір себебі Қытай жауынгерлерінің мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтіп, кеңес әскерилеріне оқ жаудыруы еді.
Бұл қарулы қақтығыс 13 тамызда 07:55-те басталған. Ұрыс 1 сағат 5 минутқа созылды. Қытай тарапы сан жағынан басымдыққа ие болса да, бірнеше адамынан айырылып, шегінуге мәжбүр болды. Осылайша 50 шақты сарбаз өз жеріне бөтендерді кіргізбей, қаруланған 200-ден астам шекара бұзушыны аумақтан қуып шықты.
Тұрсын Уажанов, ҚР ҰҚК шекара қызметінің ардагері:
- Бұл қақтығыстың себебі – жер мәселесі. Шекара белгіленбеген. Сондықтан даулы жерлер көп болды. Шығыс аймағында да белгіленбеген жерлер болған. Соның бірі осы Жалаңашкөлде еді.
Сол қанды оқиғада ефрейтор Виталий Рязанов пен кіші сержант Михаил Дулепов қаза тапқан. Соңғысы Үшаралда жерленді. Қос жауынгердің есімі екі көшеге берілген. Людмила Морозова ол кезде 10 жаста еді. «Бірақ қансырап келген жауынгерлердің бейнесі әлі есімде», – дейді зейнеткер.
Людмила Морозова, оқиға куәгері:
- Жалаңашкөл заставасы бұрын осы ғимаратта болған. Қазір басқа жерге көшірілді. Ал мына нысанда прожекторлар қойылған. 1969 жылы 13 тамызда таңертең мұнда жаралы Михаил Дулеповті әкелді. Үсті қан-қан, көзі жартылай ашық жатыр. Ал қытай шекарашыларының жансыз денелері мына маңда жатты. Барлығымыз жауынгерлерге су тасып, жараларын таңып көмектестік.
Анатолий Тарасевич 1969 жылы Үшарал шекара жасағы радиостанциясының бастығы болған. Сол күні қарулы қақтығыс болып жатқан жермен байланыс орнату басты міндеті еді.
Анатолий Тарасевич, ҚР ҰҚК шекара қызметінің ардагері:
- Бізді дабыл бойынша тік тұрғызды. Әрқайсымыз өз қызметімізге жылдам кірістік. Ол жылдары барлығын Мәскеумен ақылдасу керек еді. Сондықтан бізде Алматымен бір арна қосылған. Барлығын сол жаққа баяндаймыз, олар әрі қарай Мәскеуге хабарлайды. Әрине, жылдам атқаруға тырыстық. Қиын болды.
Ерлік танытып, шекара бұзғандарға тойтарыс берген аға әріптестерін шекарашылар еске алды. Ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қаза тапқандардың рухына тағзым етті.
Даманскі, Мақаншы, Жалаңашкөл. Осы бекеттерде жер үшін КСРО-ның Қытаймен қақтығыстары болған.
Шекара мәселесі еліміз егемендік алған соң ғана шешімін тапты. Тәуелсіз Қазақстан кеңес дәуірінен «мұра» болып қалған проблеманың түйінін бейбіт жолмен, ешбір даусыз тарқатты. Нұрсұлтан Назарбаев әлем қауымдастығын таңғалдырып, алып империямен бейбіт келісімге келді. Осылайша Қазақстан ТМД төңірегінде Қытаймен жер дауын дипломатиялық жолмен шешкен бірден-бір елге айналды.
Авторлары: Риат Шони, Аян Сәрсенбаев