Қостанай облысы тұрғындары мектепті қысқартуға қарсылық білдіруде
Олар балаларының көрші ауылға қатынап оқуына қарсы. Ал аудандық әкімдіктегілер: «Бала саны жетіспейтіндіктен, мектепті қысқартудан басқа амал жоқ», – деп отыр.
Қостанай ауданына қарасты Сормов ауылында шамамен жүз шақты үй бар. Биылға дейін 9 жылдық мектеп мұнда тұрақты жұмыс істеп келді. «Бала санының аздығы туралы айтылғанымен, соңғы айға дейін оның бастауышқа айналарын білгеніміз жоқ», – дейді жергілікті халық.
Жанабатыр Алпысбаев, Сормов ауылының тұрғыны:
- Біз оған дайын болған жоқпыз. Халық балаларын мектепке дайындап жатқан. Мектепке көктемде жөндеу істелген. Бізге өте кеш хабарлама жіберілді.
Сормов ауылындағы білім ошағында қазір 27 оқушы қалып отыр. Негізгі мектеп мәртебесін сақтап қалу үшін олардың саны 41-ден кем болмауы шарт. Облыс орталығынан небәрі 40 шақырым жердегі елді мекенге көшіп келуге ниетті адамдар көп. Сондықтан бала аздығы уақытша құбылыс деген уәж айтады.
Жанабатыр Алпысбаев, Сормов ауылының тұрғыны:
- Бұл жаққа халық көшіп келетін ойлары болған, мектепке балаларын бергісі де келген. Енді олар бұл жаңалықты естіп, ешқайсысының келгісі жоқ. Біздің өтінішіміз, мектепті жаппасын, бір жылға болса да қалдырсын, уақыт берсін.
Ата-аналар балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдайды. Аралығы 7 шақырым көрші ауылға дейін жол тар, қыс мезгілі жолда тұрып қалмасына кім кепіл?! «Мектеп жабылса, ауылымыздың болашағы не болады?», – деп қапаланады.
Анаргүл Хасенова, Сормов ауылының тұрғыны:
- Балалар оқып жатқан соң, әйтеуір сүтімізді тапсырып, мына жерде тірлігімізді жасап жатырмыз. Ертең мынау мектеп жабылса, бүкіл ауыл құриды. Бәрі көше бастайды.
Қостанай аудандық білім бөлімінің өкілі бала саны толмаса, мектептің қысқартылатыны туралы бұдан бұрын ескертілгенін айтады. Ол жайлы тіпті хаттама да толтырылған. «Сондықтан бұл мәселе жоғары жақта біржақты шешілген», – дейді.
Берік Жұмағұлов, Қостанай ауданық білім бөлімі басшысының орынбасары:
- Арнайы көлік бөлінді. Тасымал, қауіпсіздік, ас-сумен қамтамасыз ету біздің және Владимиров селолық округі әкімдігінің жіті бақылауында болады. Қысқартуға ұшыраған мұғалімдерге жаңа жұмыс орындары ұсынылады. Оған келіспегендерге Еңбек кодексіне сәйкес өтемақы төленеді.
Алайда мұндай уәде мен ұсыныстарға қарамастан Сормов ауылының тұрғындары мектепті сақтап қалуды сұрап отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг