Елордада Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті
Елбасы ел дамуының стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін елордада Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізді.
Партияның қоғамды жұмылдыру үдерісінде маңызды рөл атқаратынын атап өткен Нұрсұлтан Назарбаев биліктің барлық деңгейінде жауапкершілікті арттыруды тапсырды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Сонымен қатар «Жаңа» медиа саласында шындыққа жанаспайтын ақпарат таратушы арналар көбейді, қоғамдық санада жалған түсінік қалыптасуда. Nur Otan өзінің ақпараттық стратегиясын түбегейлі қайта қарауы қажет», – деді Елбасы. Сонымен бірге Қазақстан Респбуликасының Тұңғыш Президенті қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты ұйымдастыруды тапсырды.
Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам. Бұл атаулар жаһан үшін жат ұғымдар емес. Біздің қоғамдағы құндылықтар қазір осы үш ауыз сөздің төңірегінде топтасып тұр. Әуелгісі әлеуметтік феномен – сенім. Халықтың сенімінен шығу Nur Otan партиясының өткен 20 жылдық күн тәртібінен түскен емес. Бүгін де, бұған дейін де бұл жайында партия Төрағасы да аз айтқан жоқ.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы:
- Заман өзгерді. Жағдай өзгерді. Nur Otan еліміздің жетекші күші ретінде саяси басшылықты бекемдеп, стратегиялық бағыттан ауытқымауы үшін бүкіл қоғамды жұмылдыруға тиіс. Бұл құр әншейін айтылған сөз емес. Біз Қазақстанның, халықтың ортасындағы елді жетелейтін, елге түсіндіретін ұйымбыз. Егер ондай рөлді орындамасақ, онда біздің орнымызға басқа партия келеді. Сондықтан жауапкершілікті нақты түсінуіміз керек.
Бас партияның басты миссиясы – сайлаушылардың сенімін ақтау. Ол үшін аз жұмыс атқарылған жоқ. 1 сәуірден бастап Атаулы әлеуметтік көмектің көлемі көбейді, шілдеден бастап мүгедек бала күтуге арналған жәрдемақы өсті. «Нұрлы жер» бағдарламасы Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырды. Премьер-Министр Асқар Маминнің мәлімдеуінше, жылдың соңына дейін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 53 ауыл жаңғырады. Ауызсумен қамтуға 127 млрд теңге бөлінсе, 2023 жылы Қазақстанның барлық ауылы 100% таза ауызсумен қамтылады. Сонымен бірге билік пен билік партиясының халыққа бір табан жақындай түскенін айтады.
Асқар Мамин, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:
- Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз атап өткендей, партия халыққа жақын болуы керек. Олардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселесін шешуде ықпалдасу қажет. Сол себепті біз партиямен бірлесіп, Үкімет мүшелерінің облыстарға жиі сапар жасауын ұйымдастырамыз. Халықпен кездесіп, олардың сұрақтарын жергілікте жерлерде қарастыратын боламыз.
Партияның жұмысын жаңғыртуға қатысты кеңейтілген отырысқа Ақтөбеден арнайы келген Айнұр Бақтығалиева да өз ойымен бөлісті. Оның ойынша, партияның белсенді жұмысы бюрократиямен шектеледі. Ол партияның бастауыш ұйымдарына еркіндік беру қажет деп санайды.
Айнұр Бақтығалиева, Nur Otan партиясының мүшесі:
- Біз бюрократияға уақытымызды зая кетірмеуіміз керек. Nur Otan – табысты адамдардың қауымдастығы. Әркімнің де білімі мен тәжірибесі бар. Мұнымен бөлісу керек. Бұл біздің тиімділікті едәуір арттырар еді. Бірақ олай болмай тұр. Аймақтардың бір-бірінен айырмашылығы бар. Әрқайсысының өз проблемасы жеткілікті. Бастауыш ұйымдарға әлеуетін арттыратындай тәуелсіздік керек. Нетворкингті дамыту қажет. Осылай ғана жаңа көшбасшыларды таба аламыз.
Әлем өзгеріп барады, оның саяси келбеті де. Nur Otan елдің жетекші саяси күші ретінде қоғамды жаңашылдыққа жетелеуі тиіс. Дамыған 30 елдің қатарына ену елдік мүддеден туған міндет болатын. 5 институционалды реформа, 2017 жылғы саяси реформалар, 2018 жылы сайлау жүйесінің жетілуі – Қазақстанда жүргізілген үлкен жұмыстардың бір парасы ғана.
Даму, саяси тұрақтылық және қоғамдық келісім. Мықты мемлекет атанудың негізгі формуласы – осы. Әлемде мысал көп. Ел іші тұрақсыз болса дамудың жолынан жаңылысу тым оңай. Одан жапа шегетіндер – қарапайым халық. Біз секілді жас мемлекетке өзгенің ұстанымдарын теліп жүргендер көбейді.
Масылдық. Соңғы уақытта қазақ қоғамының теріс мінезіне айналып келеді. Ежелден еңбек еткен халықты жалқаулық неге жайлап барады? Елбасы тағы бір мәрте адал еңбекке үндеді.
Кеңесте жемқорлық мәселесі де көтерілмей қалған жоқ. Қатарды партия Төрағасы ел ішін тазарту керек екенін атап өтті. Әсіресе білім саласында мұндай былыққа жол беруге болмайды.
Партияның беделін арттыру, фракцияның жұмысын күшейту сынды мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді. Үкімет пен фракция бірігіп жұмыс істеуі қажеттігі де басты назарға ілікті. Себебі мақсат – ортақ, міндет – біреу.
Партияның саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы саяси әңгімемен шектеліп қалған жоқ. Экономика, сандық технология, жасанды интеллект сынды тақырыптар да тілге тиек болды. Себебі бәрі – маңызды, айтылуы тиіс, естуі тиіс нәрселер. Бірақ кеңесте айтылған келелі ойлардың қысқа ғана мазмұны бар: билік партиясы халықтың сенімінен шығуы тиіс.
Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам. Бас партия басымдық беретін ендігі үшеу – осы. Бірақ селкеусіз сенім және дәйекті диалог құру үшін де біздің қоғамға қажет басты құндылық бар. Ол – ішкі бірлік. Елбасы айтқандай, ішкі бірлік арқылы мықты партия құру, ал мықты партия арқылы ортақ жетістіктерге жету әлдеқайда оңай.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Есбол Жамшитов, Хасен Омарқұлов