Елімізде балалардың терезеден құлауы жиілеп кетті
Қызылорда мен Жезқазған қалаларында орын алған бұл оқиғадан кейін әлі де болса балалардың бақытсыз жағдайлары азаймай тұрғанын байқауға болады.
Әлеуметтік желіде тараған 19 тамызда түсірілген кадрда 3 бала Ақтаудағы тұрғын үй кешенінің шатырында жүгіріп, кедергілерден асып өтіп жүр. Бақытсыз жағдайларға көбіне балалардың қараусыз қалуы себеп болып жатады. Мәселен, Жезқазғанда 2018 жылы туған сәби бірінші қабаттың терезесінен құлап, балалар хирургиялық бөлімшесіне жеткізілді. Дәрігерлердің мәліметінше, баланың иық сүйектері сынып, миы шайқалған. «Қазір жеткіншектің жағдайы бірқалыпты, өміріне төніп тұрған қауіп жоқ», – дейді ақ халаттылар. Бұл – жыл басынан бері тіркелген 16-ыншы оқиға. Оның ішінде екі бала қаза болып, 14-і түрлі ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.
Ерік Шонбаев, Х.Мақажанов атындағы клиникасы ахуалдық орталығының меңгерушісі:
- Соңғы жылдары балалардың терезе торынан құлауы жиілеп кетті. Пластикалық терезелер балалардың құлауына жол бермейтін арнайы құралдармен жабдықталмаған. Өкінішке қарай кейбір жағдайда балалар жедел жәрдем келгенше көз жұмып жатады. Сонымен қатар ауруханаға алып келгеннің өзінде де алған ауыр жарақаттардан қаза болып жатады.
Қызылорда облыстық балалар ауруханасында да биіктен құлаған 5 және 3 жастағы екі бүлдіршін жатыр. Олардың бірі екінші қабаттағы пәтер терезесінен ауып кетіпті. Бір тәулік бойы жансақтау бөлімінде жатқан баланың жағдайы тұрақталғаннан кейін нейрохирургия және ортопедия бөліміне шығарылды. Жалпы жыл басынан бері Қызылорда облысында осындай 28 жағдай тіркелген.
Шарипа Әлиева, Қызылорда облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:
- Бүгінгі таңда бұл жерде ата-аналардың қырағылығы керек деп есептейміз. Яғни әрбір балаға отбасында ұдайы бақылау қажет. Сонымен бірге қазіргі терезелердің сыртынан темір тор орнатылса деген жан-жақты ұсыныстарымызды ақпараттандыру желілеріне беріп отырмыз.
Ал Петропавл қаласының тұрғыны Дмитрий Зайцев төртінші қабаттың терезесінде тұрған екі жасар баланы құтқарып қалды. Оқыс оқиға 17 шілде күні Шухов көшесіндегі үйлердің бірінде болған. Кешкісін ауладағы айғай-шуды аңғарған азамат мән-жайды біліп алып, бесінші қабаттың балконынан төмен түскен. Сөйтіп ашық терезенің жақтауында тұрған сәбиді аман-есен түсіріп алды.
Дмитрий Зайцев, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Ауладағы адамдар ашық терезеде тұрған баланы көріп, қай пәтерден екенін анықтай алмай жатты. Қарасам, біздің үйдің дәл астында екен. Ойланбастан төменге түсіп, үйге кірдім. Ал сәби келесі бөлмедегі терезенің жақтауында тұрды. Абырой болғанда жерге түсіріп алдым. Ал балаға қарайтын әйел ұйықтап кеткен екен.
Бұрын көпқабатты үй терезелерінің желкөздері шағын әрі үстіңгі жағында орналасатын. Сондықтан болар, «балалар терезеден құлап кетіпті» дегенді көп естімейтін едік. Ал қазіргі пластиктен жасалған заманауи терезелердің дені оңай ашылады. Ойын баласының оңбай опық жеп жатуының бір себебі осындан ба деген ой туады. Сондықтан үйде құлдыраңдаған кішкене балалар болса, бірінші кезекте терезе қауіпсіздігін ескерген жөн.
«Балалар терезе алдына өз бетімен көтеріле алмауы үшін жиһаздарды терезеге жақын қоймау керек. Сондай-ақ желкөздерге арнайы бекіткіш орнатқан жөн. Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау – ересектердің басты міндеті», – дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Айтмұхамед Байділдаев