Президент жүктеген міндеттерге қатысты лауазымды тұлғалар пікір білдірді
Саяси жүйенің дәл осы формуласы – мемлекет тұрақтылығының негізі. Президент халықтың талабын естіп-ескеретін, тыңдай білетін мемлекет тұжырымдамасын іске асыруды тапсырды. Саяси трансформация, әлеуметтік өзгерістерге қатысты саясаткерлер мен депутаттардың пікірі қандай?
Сөзден іс көрнекті. Әдемі сөзден гөрі, халқына пайдалы басшы бағалы. «Мемлекеттік қызметшінің жұмысы енді елдің әл-ауқатымен бағаланады», – деді Президент. Ал реформаны тек атауы үшін ғана жүргізуге жол жоқ. Басшыларға халықтың тұрмыс деңгейі үшін дербес жауапкершілік жүктейтін жарлыққа қол қоюлы. «Енді белсенділер ортаға суырылып шығады», – дейді саясаткерлер.
Ерлан Қарин, ҚР Президентінің кеңесшісі:
- Президент жалпы азаматтық, қоғамдық диалогты, саяси бәсекелестікті, көппартиялық жүйені дамытуды ең басты басымдықтары ретінде көретінін анық көрсетті. Сондықтан Жолдауда қоғамды толғандыратын, мазалайтын көптеген өзекті сұраққа нақты жауап берілді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Президентінің көмекшісі:
- Саяси реформаларды жалғастыруға байланысты оларды кезең-кезеңімен салмақты түрде жүргізу мәселесін Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда қамтып кетті. Сондай-ақ алдағы уақытта елімізде көппартиялы жүйені дамыту мәселесін де көтерді. Бұл қоғамымызды әрі қарай демократияландыру жолында дамытуға өзіндік бір үлесін қосатын маңызды қадам деп есептейміз.
Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық құрылымдары қоғам қажеттілігін ескеруі тиіс. Ол үшін бақылау, талдау және болжау жүйесі күшейтілсе игі. Сондықтан Парламент жанынан Заңнаманы зерделеу және сараптау институтын құру жөнінде тапсырма берді. «Бұл заң сапасын арттырады», – дейді депутаттар.
Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз ол жұмысқа дайынбыз. Президенттің «еліміздің әрбір азаматы жақсылықты, өзгерісті нақты сезіну керек» деген сөзі атқарушы билікке де, заң шығарушы билікке де үлкен жауапкершілік жүктейді. Масылдық психологиядан арылу, тек еңбек қана біздің көсегемізді көгертетіні нақты айтылды.
Бектас Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Парламентке келгенде бұл заңдар бойынша толық қолдау көрсетеді деп сенемін. 3 жылдың көлемінде тұрмыс жайы келіспеген отбасылардың барлығын үймен қамтамасыз ету мәселесі де маңызды деп есептеймін.
Елде бизнес өркендесе, экономика әжептәуір көтеріледі. Кәсіпкерлерді 3 жылға табыс салығынан босату шағын және орта бизнесті көп жүктен арылтады. Бұл – жұмыс берушілерге үлкен демеу. «Мұны халықты өз кәсібімен айналысуға шақыру деп қабылдаған жөн», – дейді депутаттар.
Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 3 жылға дейін табыс салығы ұсталмайтыны туралы мораторий жариялағаны бизнеске жол ашады деп ойлаймын. Тағы бір айта кететін мәселе, экономиканың қай саласынан үнемдеуге болатынын да айтып кетті, яғни бұл аспаннан түсетін қаржы емес, соған байланысты Парламентке көптеген тапсырма беріліп отыр.
Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- 5% медициналық сақтандыруға жұмыс берушілер тарапынан аударуға байланысты мораторий жарияланды, мұны сайлаушыларымыз үнемі айтып жүретін. Екінші бір мәселе, саяси партиялар тарихи аренада бәсекеге түсу қажет.
Ал саяси трансформация халықтың пікірі ескеріле отырып жасалады. Себебі саяси либерализацияның қандай жағдайға әкелетінін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Болашақты болжау қиын, сондықтан реформалар да салмақты түрде біртіндеп орындалмақ.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Азамат Сәметов