Абаттандыру мен көгалдандыруға байланысты 143 қылмыс тіркелген
Мониторингпен тексерістер жүргізу барысында жұмыс жасамағандарға айлық төлеу фактілері де әшкереленген. Ауылшаруашылық жәрмеңкелерін өткізуде де қаражат орынды жұмсалмайды екен.
Соңғы екі жылға жүргізілген мониторинг барысында әр облыс орта есеппен көгалдандыруға маусым сайын 300-500 млн теңге қаражат бөледі. Әкімдіктер оны игеруде көпжылдық өсімдіктерді отырғызуға басымдық беруі тиіс. Бірақ ол көбіне 4-5% төңірегінде болып тұр. Ақтөбеде «көшет отырғызамыз» деп ақшаны желге ұшырғандай.
Анар Жарова, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы:
- 1 млн көшет отырғызу үшін 90 млн теңге бөлінді. Бұл ретте 2 жыл ішінде күтімнің жоқтығынан жасыл көшеттер құрғап кетті. Жергілікті атқарушы органдар мұны көптеген жайттарды ескермегендігімен түсіндірді.
Жауапқа тартылғандарда бар. Соңғы екі жылда еліміз бойынша елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға байланысты 143 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Бүгінге дейін 22 адам сотталған.
Анар Жарова, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы:
- Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру ісіне де мониторинг жасалды. Сатушылардан 1000-3000 теңге аралығында жер үшін деп ақша жинағаны анықталды. Бірақ басқа базардың мерзімі өтіп кеткен түбіртегін берген.
Тексеріс пен мониторинг Ғарыш-экология орталығында жұмыс істемегендерге айлық төленгенін көрсетіпті. Негізсіз жұмсалған қаражат 3 млн теңгеден асады. Сондай-ақ Атаулы әлеуметтік көмек көрсету ісі де сүзгіден өткізіліпті. Нәтижесінде кей лауазымды тұлғалардың өз пайдасы үшін құжаттарды қолдан жасағаны әшкереленген.
Данияр Бигайдаров, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің аға тергеушісі:
- Қарағандыда жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Смағұлова 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 1,6 млн теңге жымқырған. Бұл қаражат әлеуметтік жағынан осал 10 отбасына АӘК төлеуге арналған еді.
2019 жылдың басынан бері Атаулы әлеуметтік көмек көрсету кезінде 15 сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген. Олардың 2-еуі бойынша үкім шығарылған, қалған 13 іс өндірісте.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Аманжол Байғазин