Түркістанда өрттен құтқарушылар мемлекеттік наградамен марапатталады
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Қазір күйік шалған төтенше жағдайлар қызметінің мамандары аруханада ем-дом қабылдап жатыр. Жағдайлары тұрақты.
Азаматтық қорғаныс майоры Құралбек Жұмабаев – тұтас Түркістанды аяғынан тік тұрғызған өрт кезінде жарақат алғандардың бірі. 10 қыркүйекте ол әріптестерімен бірге оқиға орнына жеткен. Ештеңеден сезіктенбеген азамат жарылыс болғанда аздап абдырап қалғанын айтады. «Дегенмен де басты міндет – іштегі адамдарды сыртқа шығару», – дейді азамат.
Құралбек Жұмабаев, ТЖД Өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметінің бас маманы:
- Өзіміздің күйгенімізді еттің қызуымен білмей, тыныс алу аппаратына қосылып, адамдарды құтқаруға шығып, өзіміз әлсірегеннен кейін жедел жәрдем қызметінің көмегіне сүйендік. Біз осы уақытқа дейін адам құтқарғанбыз, өртті сөндіргенбіз. Біздің жұмысымыз, міндетіміз болғаннан соң, ол біздің көзімізге үйреншікті тірлік болып қалған.
Жарылыстан 5 адам шапа шекті. Оның екеуі офицер болса, қалғаны – қатардағы сарбаздар. Күні кеше олардың жағдайын білуге Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен еліміздің бас дәрігері Елжан Біртанов елордадан арнайы келді. Ал науқастардың денсаулығы ақ халаттылардың жіті бақылауында.
Хамза Досжанов, травматология бөлімшесінің меңгерушісі:
- Хаттамаға сай емдерін толық көлемде алып жатыр. Бір науқасқа сол бұғанасына операция жасалынды. Науқастардың жалпы жағдайы – орташа. Енді осы емін ары қарай алып жатса, бір аптаның көлемінде шығып та қалады.
Құтқарушылар өздерін батыр санамайды. «Бұл – біздің жұмысымыз», – дейді. Ал аталған оқиғадан кейін ТЖД мамандары қауіпсіздік шараларын күшейтті.
Сұлтанғали Смаилов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Түркістан қаласында оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілген. Сондықтан бұл біздің практикалық күнтізбемізде бар. Мұны ары қарай нығайтамыз. Газ құю орындарын тексеру қажет. Толық мәліметті тиісті шараларын көріп, өрт қауіпсіздігі талаптарын орындап, нақты тапсырмалар мен актілерін беретін боламыз.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан қаласындағы қонақүйлердің бірінің аумағында тұрған «ЗиЛ» көлігі өртеніп, артынан соң баллондар жарылған. Салдарынан қызыл жалын ғимараттың шатырын шарпыған. Қазір осы оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 292-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Рауль Габитов, Ерболат Әбішов