Елімізде соңғы жылдары теміржол өткелдерінде болған апат саны күрт өскен
Біреу бауырынан, енді біреуі ата-анасынан айырылып, өзегі өртенді. Қалың елдің қабырғасын қайыстырған теміржол апаттары соңғы 5 жылда Алматы, Павлодар, Түркістан мен Маңғыстау облыстарында тіркелді. Теміржол өткелдеріндегі апаттарға тосқауыл қою үшін әр аймақ түрлі шаралар қабылдауға кірісті.
Осыдан екі жыл бұрын Жаңаөзен қаласына қарасты Теңге ауылындағы теміржол өткелінде болған қайғылы жағдай аймақ тұрғындарының әлі есінде. Тепловоз бен газель соқтығысып, 9 адам қайтыс болған еді. 27 жолаушы жарақат алған. Сол апаттан 10 жасар оқушы қыз екі аяғынан айырылып қалды. 15 адамға есептелген газельге 35 жолаушыны тиеп алған көлік жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Сағатына 60 шақырыммен келе жатқан локомотив тізгіншісі қарсы алдындағы кедергіні көріп, шұғыл тежегішті басқанымен, нәтиже болмай көлікті соғып өткен.
Арнайы тексеріс жүргізген комиссия мүшелері бұл апатқа станцияның кезекшісін айыпты деп тапты. Араққа тойып алған ол тепловоздың келе жатқанын ешкімге ескертпеген, шлагбаум жабылмай, ашық қалған. Кезекші соттың шешімімен 5 жылға сотталды. Осы апаттан кейін Жаңаөзендегі ескі газельдерге жаппай тексеріс жүргізіліп, қолданыстан алып тастау туралы шешім шығарылды. Себебі апатқа ұшыраған жолаушылар көлігінің ақауы болғандықтан дәл теміржолға келген кезде тоқтап қалған.
Асхат Құлтанов, Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және АЖ басқармасының бөлім басшысы:
- Жаңаөзенде қазіргі уақытта 42 автобус жүреді. Олардың барлығы ескірген. Сондықтан осы оқиғадан кейін автобусты жаңарту алға қойылып, 2020-2021 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жаңарту жолға қойылып отыр. Қазақстаннан шығарылатын заманауи автокөліктерді алуды жоспарлап отырмыз. Олардың сыйымдылығы қазір жүріп жатқан ескі газельдерге қарағанда үлкен.
2014 жылдың көктемінде дәл осындай жантүршігерлік апат Павлодар облысында да тіркелген болатын. «Ақсу-Дегелең» теміржолымен келе жатқан тепловоз алдынан шыққан шағын автобусты соғып өтеді. Көлікте өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген кәсіптік-техникалық училищенің оқушылары болған. Олардың біреуі қаза тауып, қалғандары ауыр жарақатпен ауруханаға түседі.
Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғындары «Жолда қабылдау» акциясында теміржол өткелінің мәселесін көтерді. Аудан орталығын қақ жарып өтетін шойын жолдың екі бетін ондаған ауыл ен жайлағасын, мұнда күндіз-түні барыс-келіс үзілмейді. Шамамен Шиелідегі өткелден тәулігіне 2000-ға жуық көлік арлы-берлі ағылады екен. Кейде қатарынан 2 поезд өтер шақта жарты сағаттан астам уақыт жол жабылып тұрады.
Шамшидин Әмитов, Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары:
- Бұл акцияның мақсаты – Президент және ІІМ алдымызға қойған міндетті жүзеге асыру, тапсырмаларды орындау, халықтың көкейкесті сұрақтарына жедел түрде жауап беру, олармен байланыс жасау. Сондай-ақ олардың ой-пікірін тыңдап, қалыптасқан проблемалық сұрақтарды шешу үшін жүргізілуде.
Теміржолдың үстімен немесе астымен кедергісіз жүретін өткел салуды өтінген тұрғындардың өтінішін қабылдаған полицейлер жергілікті әкімдікке арнайы ұсыныс жолдайтын болды.
Авторы: Гүлмира Әбішева