Президент 100 күндік қызметі барысында 5 заң мен 95 жарлыққа қол қойды
Жүз күндік белесте Қазақстанның саяси сахнасы ғана емес, қазақтың санасы да өзгерді. Тағдыршешті саяси-экономикалық шешімдер қабылданды. Мемлекет басшысы Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, халықпен кездесті.
Көптің сенімін ақтау үшін 100 күн жеткілікті ме? Қарапайым ғана сұрақ. Мүмкін «иә», бәлкім «жоқ». Жауабын халық арасынан іздедік. Себебі Президентке сенетін де, Президент сенетін де алып күш – осы. Оның үстіне «Халық айтса, қалт айтпайды» деген тағы бар.
Халықтың айтары мынау:
- Бастамалары жақсы деп санаймын. Тек қана іске асыру керек. Бірақ ол жалғыз адамның қолынан келмейді.
- Біраз өзгеріп қалды ғой. Әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен топтарға көмек көрсетіп жатыр.
- Жақсылықтарын естіп жатырмыз. Қарыздар жабылып, біраз жаңалық көпшілікті қуантты.
Өткен үш ай және 7 күн Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың резонансты шешімдеріне толы болды. «Жүз күннің шеңберінде Мемлекет басшысы саяси еркіндігін көрсетті», – дейді саясаттанушылар. Мемлекет басшысы осы аралықта 5 заң және 95 жарлыққа қол қойды. 140 іскерлік кездесу өткізді. Республиканың әр түкпіріне жұмыс сапарымен барды. Көршілермен келісті.
Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі:
- Президенттік сайлауға дейінгі жағдайлар бар. Қазіргі ахуалды қарасақ, оң өзгерістердің болып жатқанын көріп отырмыз. Халықтың билікке деген сенімі күшейіп жатыр.
Аудармашысы жоқ президент. Жоқ емес-ау, қажет етпейді. 5 тілде бірдей сөйлейтін Президент әлемдік тәжірибеде кемде-кем. Халықтың тілін білген адам оның саясатын да түсінеді. Демек, саясаткер үшін тіпті таптырмайтын артықшылық. Президенттің бұл қабілеті оның баспасөз хатшысы Берік Уәлиді де таңғалдырмай қоймайды.
Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы:
- Бір күнде Президент 5 тілде сөйлегеніне өзім куә болдым. Мысалы, Қытайдан келген делегациямен басында қазақша сөйлесті. Кейін ресми келіссөз біткеннен кейін делегациямен қытайша сөйлесті. Одан кейін Кристин Лагардпен французша сөйлесті. Герман Грефпен орыс тілінде сөйлесті. Одан кейін осы форум аясында дөңгелек үстел өткізіп, меймандармен ағылшын тілінде сөйлесті.
500 мың әлеуметтік әлжуаз отбасының қарызы өтелді. Президенттің «Азаматтар зейнетақы қорындағы өз ақшасының игілігін де көруі тиіс, жолын табыңдар» дегені де көпшілікке жағып отыр. Мұғалімдер жалақысын көбейту – келер жылғы меже. Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік салаға қатысты шешімдері халықтың көңілін табу үшін емес, қамы үшін екені аңғарылады.
«Өткен 100 күнде Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиімді дағдарыс-менеджер екендігіне де көз жетті», – дейді саясаткерлер. Арыстағы апатты алыстан бақыламай, оның дәл ортасына баруы – соның айғағы. Тіпті сол сәттегі Президенттің түнгі 03:00-дегі Twitter желісіндегі жазбасын да қырағы саясаттанушылар қалт жібермепті.
Талғат Қалиев, саясаттанушы:
- Біз Президенттің Арысқа өзі барғанын білеміз. Бірақ түнгі 03:00-де Twitter желісіне қалдырған жазбасын көбісі назарға ілмеді. Мемлекет басшысы түн ортасында қалай барып келгенін, Арыстағы ахуал жайында жазды. Ал мұндай 24 сағат, яғни тәулік бойы жұмыс істейтін билігі болса, халықтың ұйқысы тыныш болады.
100 күнде Президент Twitter әлеуметтік желісінде 400 жазба қалдырыпты. Ал оның баспасөз хатшысы Мемлекет басшысы твитті өзі жазатынын растады. Өзі жариялайды және қадағалайды.
«100 күн – бір белес, есептік белес» деген ұғым жиһан тәжірибесінде ескіден бар. Сол әлемдік тәжірибе Қасым-Жомарт Тоқаев үшін тәмамдалды. Президент бұл мерзімнің де нүктесін ұтымды қойды. Мемлекет басшысы «оралман» деген сөзге қарсы екенін айтып, қазақы «қандас» сөзін қолдануды ұсынды. Бұл – Президент қоржынына тағы бір ұпай.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Ерденбек Жылқыайдарұлы, Айдос Меделбеков, Аманжол Байғазин, Серік Қоңырбаев