Заңсыз жолмен алтын қазғандар құрықталмай отыр
Қазір осы маңды айналсоқтап жүретін азаматтардың қатары көбейген. Олардың дені ат басындай алтын тауып алып, әп-сәтте байып кетуді армандайды. Алайда шахтаға түсіп, түпсіз терең тұңғиықтан алтын іздеу оңай шаруа емес. Заңсыз әрі қауіпті. Жеті қат жер астында тасқа жаншылып, қапелімде жан тапсыруың да мүмкін. Бірақ оған қарап жатқан азаматтар жоқ. Заңсыз алтын қазушылардың жолын қалай кесуге болады? Оларға неге заңмен тыйым сала алмаймыз?
Ақбөпе Тәңірберген, тілші:
- Қазақстандағы алтын шығаратын ауыл Бестөбе Степногор қаласынан 93 шақырым жерде орналасқан екен. Қазір мұнда полиция қызметкерлерімен кіріп келе жатырмыз. Бұл жерде қанша шахта бар? Күніне қанша заңсыз алтын өндіруші ұсталады?
Бахтияр Чокпаров, Степногор қаласы ПБ басшысының орынбасары:
- Бұл елді мекенде 5 кеніш бар. Олар алтын өндіруші компанияға тиесілі. Мұндағы халық саны 7 мыңға жуық. Одан бөлек, алтын ұрлау мақсатында басқа қалалардан келетіндер де бар. Күн сайын заңсыз алтын өндіретін 15 шақты азамат қолға түседі.
Бестөбелік полиция бөлімінің қызметкерлері рейд жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Үстінен түстік. Осылай алтынның иісі шыққан жерді маңайлап келгендер – Бестөбедегі ескі үйлер мен қонақүйлерді жалдайды екен. Полицейлер: «Бұл – ыңғайлы уақытты күтіп жатқан нағыз алтын іздеушілердің өздері», – деді.
Нұржан Шорин, Бестөбе АПБ басшысы:
- Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағандыдан келеді. Олар бірігіп осында жалдамалы квартира немесе қонақүйлерде болады. Бәрі бірігіп кіреді.
Заңсыз алтын іздеушіге төбеден топ ете түсу түк те емес екен. 45 метр тереңдікке қазса, жеткілікті кеніштің ішінде болады.
Ақбөпе Тәңірберген, тілші:
- Дәл қазір мен жер бетінен 790 метр тереңдікте тұрмын. Жер қойнауынан алынған қазба байлықтар мынандай электровоздармен тасымалданады. Ал алтынның алғашқы күйі міне мынандай болады екен.
Біздің жанымызда жедел әрекет ету тобының мүшелері жүр. Полицейлер де кеніш ішіне түсіп құдіретті ұрыларды іздейтін құзырет жоқ. Сондықтан осындай сайдың тасындай іріктелген жігіттерден арнайы топ жасақталған. Солардың соңына еріп, заңсыз алтын іздейтіндердің ізіне түстік.
Мына жерде алтын іздемек түгілі, қозғалудың өзі қиын. Бірақ осындай қуыстар ұры-қарылардың ұясы екен.
Ақбөпе Тәңірберген, тілші:
- Міне шәйнек, тамақ дайындайтын ыдыс дейсіз бе, жататын орны, азық-түлігі бәрі осы жерде. Заңсыз алтын ұрлайтындар осында қуыстарды мекендеп, күндіз тығылып жатады да, түнде жорыққа шығатын көрінеді.
Алтын ұрыларын анықтау да оңай емес. Өйткені олар да басына каска, үстіне форма киіп, тіпті жалған құжат та жасап алады екен. Біз олардың тұратын жерлерін таптық. Бірақ ұстай алмадық, із суытып үлгерді. Есесіне келесі топ екі жігітті құрықтады.
25 жастағы бұл азамат Бестөбе ауылының тұрғыны екен. Ал серігі Көкшетаудан келіпті. Қолындағы алтынымен ұстамасаңыз, «ешкім ұрлық қылдым» деп мойындамайды.
Бахтияр Чокпаров, Степногор қаласы ПБ басшысының орынбасары:
- Жыл басынан бері 3500-ден артық заңсыз алтын іздеушілерді ұстадық. Бір қуантарлығы 2019 жылдың 2 ақпанынан әкімшілік заңнамаға өзгеріс енді. 506 бап заңы күшіне енді. Қорғаудағы нысанға заңсыз кіргендер 15 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке қамауға алынады. Оларды құрықтауда алтын өндіретін компанияның күзет қызметімен бірге жұмыс істейміз.
Ұсталғаны айыппұл төлейді. Сонымен болды. Келесі күні кеніште жүреді. Себебі жер қойнауынан заңсыз болса да миллиондап пайда көріп отырған жанға 37 000 теңге деген түк емес қой. Өз басының амандығын ойламайтын адамнан не сұрайсыз?! Бестөбедегі 7000 тұрғынның тек үш мыңынан астамы жұмысқа жарамды. Оның 1300-і кен орнында қызмет етеді.
Мұсылманбек Ысмағұлов, Бестөбе кентінің әкімі:
- Сақшылар күресіп жатса да, өкінішке орай тиылмай жатыр. Үш облыстың ортасында тұрғаннан кейін жан-жақтан көп адам келеді. Оларды бір мезетте тиып тастау қиын.
Ақбөпе Тәңірберген, тілші:
- Бестөбедегі мәселе белгілі. Бірақ шешілмей тұр. Алтын қорынан алтыншы орында тұрған еліміздің кеңдігінен көрген кемдігі ме екен?! Алтын. Өмір. Қауіп. Жер астындағы шахтаға басты бәйгеге тігіп кіргенде, мына сығырайған жарығың сөніп қалса бітті дей бер.
Авторлары: Ақбөпе Тәңірберген, Аян Сәрсенбаев