Жемқорлыққа қатысты істер жасанды интеллект арқылы тексеріледі
Атырау облысында бала өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істі жылы жауып қою үшін дәрігерлер Сот-медициналық сараптама орталығының мамандарына 300 мың теңге пара бермек болған. Енді жемқорлық жасағандарды жаңа жүйе бойынша тез табу мүмкін болып отыр.
Атырау облысында жан шошырлық оқиға болды. Ақ халаттылар «тоңазытқыш камерасына салып өлтірді» деген күдікке ілікті. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары айтты. Ең сорақысы тірі баланы шетінегенше суық қондырғыда қалдырған. Олар Сот-медициналық сараптама институты филиалының басшылығына пара беріп құтылмақ болыпты. Қазір бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, тексеріс жүргізілуде.
Бүгінде басты проблеманың біріне айналып отырғаны – сыбайлас жемқорлық. Ал күрделі мәселені түбегейлі шешу үшін тексерісті мемлекеттік органдағы қызметкерлердің өзінен бастау қажет. Агенттіктің кадрларға жауапты маманы бақылауды бастап кеткенін айтады.
Нұрлан Жақсымбетов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті жетекшісі:
- Біз әріптестерімізді адал, салауатты, әлеуметтік жауапты және әдепті өмір сүруге ынталандырғымыз келіп отыр. Құқық қорғау органы бола отырып, біз өз қатарымыздың тазалығын бақылау жасауға міндеттіміз.
Тексеріс демекші, бұдан былай сыбайлас жемқорлыққа барғандардың қылмысы тез арада әшкереленбек. Өйткені жасанды интеллект қылмысты 15 минуттың ішінде анықтайды екен. Тексеріс барысында тек айыпталушының жүзі мен ноутбук қана қажетті.
Майра Тойшыбекова, психолог:
- Бұл технологияның ерекшелігі: басқа аналогтарға қарағанда ешқандай физикалық қатынассыз. Тестілеуден өтіп отырған адамның психофизилогиялық процестері мен реакцияларын жүрек қағысы арқылы анықтаймыз. Бізге оны жасанды интеллект бағдарламасы арқылы шығарып беріп отыр.
Осы бағдарламамен тестілеуден өтіп көрген психологтың пікірінше, жүйенің жұмысы 100% күмәнсіз. «Өйткені адамның жүрек қағысы, қан тамырларындағы құбылыстар мен әр реакциясы есепке алынады. Жүйе үшін өтірік пен шындықтың аражігін ажырату қиын емес. Себебі жүйе алдында отырған жанның әр нүктесін сезеді», – дейді ол.
Нұрлан Жақсымбетов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті жетекшісі:
- Қызметкерлеріміздің парасаттылық деңгейін, сыбайлас жемқорлыққа тұрақтылық дәрежесін, алкоголь және есірткіні асыра пайдалану, құмар ойындарға әуестігін тексеруге мүмкіндік беретін израильдік баған осындай нәтиже көрсетіп отыр.
Ал жауапты орган өкілінің сөзінше, қазір пилоттық жүйеге толығымен талдау жүргізілуде. Егер оның нәтижелі әрі шүбәсіз жұмысына көз жетсе, еліміздің барлық құзыретті органына енгізілмек.
Авторлары: Зарина Боярисова, Айбын Құсанбеков