Қарағанды қаласында белгісіз қаскүнем үш автобусқа оқ жаудырды
Қаскөй кешкі сағат 19:00 шамасында жолаушыларға толы үш бірдей автобусты нысанаға алған. Оқиға ел жұмыстан қайтқан қарбалас шақта болғандықтан №45 автобуста шамамен 120, №40 автобуста 45, ал №33 автобуста 70-ке жуық адам болған. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Бірақ өкінішке қарай қылмыскер оқиға орнынан ізін суытып үлгеріпті. Дегенмен бұл маңда бейнекамера көп.
Жадыра, куәгер:
- Кеше сағат 19:00-ге қарай жұмыста тұрғанда оқтың атылған дыбысы естілді. Терезеден қарасам №145 автобустың артқы терезесін атып кеткен. Далаға шықтым, адамдары жан-жаққа қашып жатқан соң, мен де есікті жауып далаға шықтым. Сосын полиция келді.
Жанатай Сембеков, облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі:
- 45-квартал аялдамасында белгісіз адам пневматикалық құралды қолданумен қоғамдық көліктердің терезесін сындырған, зардап шеккендер жоқ. Аталған факт бойынша бұзақылық бабына сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Бүгінгі таңда күдіктіні анықтап, ұстау жөнінде кешенді іс-шаралар жүргізілуде.
Қазір тәртіп сақшылары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Әзірге қандай да бір қорытынды жасауға ерте. Дегенмен автобус ішінен пневматикалық қаруларда қолданылатын металл шарлары табылған. Өңірде бұрын-соңды мұндай оқиға болмаған.