Игерілмеген қаржы үшін басшылар жауап беретін болады
Оларға жүктелетін әкімшілік жауапкершілік нормасы жаңа жылға дейін мақұлданатын болды.
Айыппұл көлемі 5-15 АЕК көлемінде емес, одан көп болуы мүмкін. Мәжіліс депутаттары 2019-2021 жылдарға арналған бюджет заңына өзгерістер енгізу туралы құжатты ұзақ талқылады.
Тұтас елдің үш жылдық әлеуетін бейнелейтін бюджет Мәжілісте ұзақ қаралды. Әлеуметтік шығын көбейген, қазына бүйірі әлдеқайда ұлғайтылған. Алайда оны игеру жыл сайын жақсарғанымен, әлі де кемшін тұстары көп. Жобада 5 министрліктің қаржысы қысқарып қалған. 93,4 млрд теңге игерілмеген. Олардың қатарында Сауда және интеграция, Экология жөніндегі ведомство, Ауыл шаруашылығы және Білім министрліктері, Индустрия және инфрақұрылымдық даму ведомствосы да бар.
Сапар Ахметов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- 2019 жылы түсім 2,7 трлн теңгеге жоспарланған болатын. Арада 5 ай өткенде өздеріңіз ұсынған болжамды 78 млрд теңгеге төмендетіп отырсыздар. Қосымша қүн салығын жоспарлауда жіберіп отырған қателердің себебі неде?
Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Өйткені серпін онша жоғары емес. 9 айдың қорытындылары бойынша өсу қарқыны 117% құрады.
Салық саласына селқостығы үшін бірқатар министрлікке сын тағылды. Әлі күнге дейін ақпараттық базалар интеграцияланбаған. Оған бөлінетін бір млрд теңгеге жуық қаражатты игеру келер жылға қалдырылды. Мәжіліс спикері мәселені мемлекеттік органдардың жұдырықтай жұмыла шешуін тапсырды.
Жәмила Нұрманбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Шетелдік мамандарды тартып, жабдық сатып алу, 20 колледжді жаңғырту жөніндегі «Жас маман» жобасына бөлінген 8 млрд теңге қысқартылып отыр. Себебі орындау ережесі әзір емес. Енді ақша бөлінбесе, бұл сұрақ қалай шешіледі?
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Әрине, бұл – оқу орындарына қажетті жабдықтар алып, білім сапасын жақсартуға арналған өте маңызды жоба. Дайындық кезеңі аяқталды, оны толық орындаймыз. Шынында, бұл біздің министрліктің жауапкершілігі, мойындаймыз, кінәлілер жазаланады.
Мәжіліс спикері осы ретте бұл жастар жылын ашқан Елбасының тапсырмасы екенін атай келіп, қағазбастылықтың кесірінен 9 ай өтсе де орындалмағанын айтып, реттеуді тапсырды. ҚР Экология министрлігі де бірталай қаржыны игермепті.
Сергей Симонов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ауыз сумен қамту және гидротехникалық нысандар құрылысы бағдарламасы бойынша қаржыландыру 19,4 млрд-тан 10,1 млрд теңгеге дейін қысқарған. 7 жаңа нысан бойынша қаржы мүлде азайтылған. 50% қаржы неге игерілмеген?
ҚР Экология министрі бұл жобалық-сметалық құжаттамалардың сапасыздығы мен мердігерлердің жауапсыздығынан болғанын мойындады. Дәл осы мәселені Мәжіліс қадағалайды. Осылайша қаржыны тиімсіз игерген басшыларға қазір әкімшілік жаза нормасы әзірленуде.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі:
- Мәжіліс депутаттарының ұсыныстары бойынша қазір бірінші басшыларының жауапкершілігін көтеру үшін тиісті шаралар қолданылып, тиісті нормалар енгізілетін болады, яғни әкімшілік айыппұл төлейтін болады. Оның сомасы тиімді болу керек.
Парламент қазына қаржысының тиімді жұмсалуын толық бақылайды.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Халқымыздың әлеуметтік жағдайын одан әрі күшейтуге тағы бір нақты қадам жасалды деп айтуға болады. Себебі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен 2019 жылға арналған бюджетті нақтылау бойынша әлеуметтік салаға қосымша қаражаттар қаралып отыр. Бұл халқымыздың бірқатар нақты мәселесін шешуге бағытталған. Енді бөлінген әрбір теңге пайдалы жұмсалып, өз нәтижесін беру керек. Сол үшін Парламент бюджеттің тиімді жұмсалуын қатаң бақылайтын болады.
Қазына қаржысының игерілуіне немқұрайлы қараған басшыларға айыппұл белгілейтін арнайы норма жақында мақұлданбақ.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Қанат Әбілдин