Екіге бөлінген Отар ауылының мәселесі шешілді
Үкімет қаулысымен Алматы облысындағы Жамбыл ауданының жері Әулиеата өңірінің Қордай ауданына қосылды. Осылайша қаладан шалғайда жатқан жұрттың көптен бергі талап-тілегі орындалды. Бұған дейін әкімшілік кедергілерге тап болып жүрген тұрғындар үшін халыққа қызмет көрсету орталықтары әлдеқайда жақындай түспек.
«Әскери сохвоз» аталып кеткен бұл ауылда 100-ден астам түтін бар. Елді мекен бұған дейін нақты бір әкімшілік аумақтың құрамында болмаған. Алақандай ауылдың бір бөлігі Алматы өңіріне қараса, екінші бөлігі Жамбыл облысында. Бұл күні бүгінге дейін жергілікті тұрғындарға бірқатар қиыншылық туғызып келді. Өйткені орталық шалғайда орналасқан. Халықтың жүріп-тұруына қолайсыз еді.
Оразхан Ақпантаева, Отар ауылының тұрғыны:
- Қазір ешқандай құжатымыз жоқ, құжатсыз отырмыз. Көп қиналдық. Алматы облысына барсақ, олар: «Біздің территорияда емессіңдер», – дейді. Жамбылға барсақ олар да дәл солай айтады. Екі ортада тұрғын ауыл болатынбыз. Енді жақсы, мәселе шешіліп отыр.
Ауыл тұрғындары кез келген мәселені ортаға салу арқылы шешіп үйренген. Мемлекет игілігіне қолы жетпеген жұрт инфрақұрылым мәселесін де өзара реттейді.
Ақжол Кәрімов, Отар ауылдық округінің әкімі:
- Жер мәселесі шешілетін болды. Осы күнге дейін құжаттарын рәсімдей алмай келе жатқан ауыл тұрғындары қиналып келген мәселе шешілетін болды. Ауылымызда үлкен жақсылық, қуаныш болып жатыр. Су, жарық мәселесі шешілетін болады.
Жамбыл облысының аумағына 1091 гектар алқап қосылып, облыстың жер көлемі 145 355 шаршы шақырымға ұлғайды. Сонымен қатар Отардағы «Гвардейский» әскери гарнизоны мен оқу-жаттығу полигоны, биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зертеу институтының ғимараты сияқты бірқатар нысандар да өтті. Енді Қордай ауданына қарайтын бұл елді мекендегі қордаланған мәселелерді мамандар шетінен шешуге уәде беріп отыр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә