Омбы қазақтарының алғашқы конгресі өтті
Ата салтын дәріптеп, ұлттық құндылықтарды насихаттауды көздеген азаматтардың қатарында танымал қоғам қайраткерлері, спортшылар, мұғалімдер бар. Қазақ өнері, тілі мен салтын сақтауды мақсат еткен қоғамдық ұйымдар да жетерлік.
Омбылық Азамат Байғужинов танымал каскадер болуды армандайды. 20 жасар жігіт Алматыға саяхатап барғанда өз алдына осындай мақсат қойыпты. Еліміздің тау-тасының сұлулығына тәнті болған жас: «Күрделі кәсіптің шыңына жетсем», – дейді. Азамат мұратына жету үшін Омбыдағы ат жарысы клубына барып жүр. Ал келесі жылы Алматыда кастингке қатысып, іріктеуден өтпек.
Азамат Байғужанов, спортшы:
- Әлеуметтік желілердің көмегімен жаттығып жатырмын. Жылқы жануарының табиғаты жаныма жақын. Спорттағы жолымды каскадерлікпен байланыстырғым келеді. Танымал шабандоз болуды армандаймын. Каскадерлік кәсіп тынымсыз еңбекті талап етеді.
Ал 19 жасар Данияр Қадыров – қоян-қолтық ұрыс, панкратион бойынша әлемдік біріншіліктердің жүлдегері. «Менің жеңістерім жерлестерім мен тарихи Отанымдағы қазақтарыма ортақ», – дейді спортшы. Бүгінде Омбы жерінде Даниярдай дарынды жастар жетерлік.
Данияр Қадыров, жекпе-жектен әлемдік біріншіліктердің бірнеше дүркін чемпионы:
- Өз ұлтымның абыройын түсірмей, намысын қорғағым келеді. Ресейдің туын желбіретіп, жеңіске жеткенде қуанышыма қазақстандықтар да ортақтасады. Бұл – мен үшін зор мақтаныш!
Даниярдай мықты жігіттерге спортпен шұғылдануға қолайлы жағдайлар жасалған. Бүгінде Омбы жерінде 20 клуб пен секция бар. Кезекті бәсеке облыстың 400-ге жуық жастың басын қосты.
Аслан Әлімжанов, Қоян-қолтық ұрыс федерациясының Омбы облысы бойынша жетекшісі:
- Спортқа бейімділік – қанда бар қасиет. Екі ұлым мен шәкірттерімді ата-баба рухында тәрбиелеп жатқан жайым бар. Оқушыларымның арасындағы қазақ балалары елден ерекше. Спорт десе ішер асын жерге қояды. Сондықтан болар, Еуропа және Азия чемпионаттарында жеңіспен оралады.
Спортшылар, қоғамдық ұйым өкілдері, жастар мен мұғалімдер. Қазақтардың алғашқы конгресіне 70-тен астам делегат жиналды. Рахмет аға мен Күлбағда апай – шалғайдағы Одес ауданының тұрғындары. Бүгінде бұл өңірде 80-ге жуық қазақ жанұясы түтін түтетіп отыр.
Рахмет Оспанов, Одес ауданының тұрғыны:
- Одес ауданы – қазақтардың тарихи мекені. Қазақ тілін жетік меңгерген жерлестерім жетерлік. Бүгінде Азов, Русская Поляна аудандарымен байланыс бар. Бірақ ұрпақтар сабақтастығы жоғалып кете ме деп алаңдаймыз. Ол үшін бізге тәжірибе алмасу керек. Бұл мәселе өзекті болып тұр. Қазақтың тілі мен салтын сақтау үшін күш біріктіру қажет.
Аға буын өкілдері «ұрпақтар сабақтастығы үзіле ме» деп алаңдаса, Мұғалімдер қауымын қазақ тілінің болашаға толғандырады. Бүгінде Омбы облысында қазақ балалары оқитын 20-ға жуық мектеп бар. Мұғалімдер қауымы қазақ тілі факультатив емес, пән ретінде енгізілсе деген ниетте. Қазірде қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша бағдарлама әзірленіп жатыр.
Баткен Тулулина, Омбы қаласы №100 мектептің мұғалімі:
- Егер де біздің бағдарлама жақсы бағаланса, онда мүмкіндігіміз бар. Бізде қазақ тілі пән түрінде жүргізілуде. Қазақ тілін беріп отырған мұғалімдеріміз бар. Бірақ мұғалімдерді жасарту керек, себебі көбі пенсионер. Сондықтан жас мұғалімдерді дайындау керек, одан кейін біз Қазақстаннан көмек аламыз деп ойлаймыз.
Қазіргі уақытта Омбы жерінде 80 мыңан астам қандасымыз тұрады. Ұлттық құндылықтарды сақтауды мақсат еткен оннан астам қоғамдық қозғалыс бар. Олардың ішінде ресми түрде тіркелмегендері де бар. Белсенділердің көздегені – бірлестіктердің жұмысын бір жүйеге келтіріп, бірлесіп әрекет ету. Ол үшін Қазақстанмен көрші өңірлердің тәжірибесі ауадай қажет.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий