Елордада ІІІ Республикалық имамдар форумы өтті
Имамдардың лауазымдық міндеттері айқындалып, діни жоралғылардың тізімі әзірленді. Елордада өткен ІІІ Республикалық имамдар форумында осы және өзге де құндылықтарды қамтыған құжаттар қабылданды.
Бұл жалғанда адам баласы үшін құндылық көп. Оның ішінде рухани құндылықтардың орны бөлек. Себебі ол – қоғам бірлігінің негізі. Оны бұзып алған соң орнын толтыру қиын, кей жағдайда мүмкін болмай қалады. Имамдар форумында оған жол бермеу мәселесі ортаға салынды. Шараның өзектілігін ескеріп, Мемлекет басшысының өзі қатысушыларға құттықтауын жолдапты. Оны Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов оқып берді.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Уағыздар қазіргі заманның талабына сай болуы керек. Ең негізгісі –арамызға іріткі салатын адамдардан аулақ болу. Солардың айтқан сөздерін жастарға түсіндіруіміз керек.
Елдің дамуымен адамдардың көзқарасы оларды адасушылыққа ұрындыратын ақпарат та көбейді. Дұрыс пен бұрысты қалай ажыратамыз? Азаматтар сұранысына сай қызмет ұйымдастыра білу де маңызды.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Жеке азаматтардың сұрақтарын ашық әрі жылдам шешу мақсатында мүфтидің виртуалды қабылдау бөлімін ашуды ұсынамыз. Бұл азаматтардың әртүрлі теріс мәліметтер емес, Діни басқармадан тексерілген дұрыс ақпарат алуына мүмкіндік береді. Бұл бастаманы жүзеге асыруға біздің министрлік тарапынан жәрдем көрсете аламыз.
Форум аясында Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы болатын «Діни рәсімдер», «Имамдардың лауазымдық міндеттері», «Лауазымдар тізілімі» атты бірқатар маңызды құжат қабылданды. Қысқаша айтқанда, туғаннан бастап, о дүниеге өткенге дейінгі барлық негізгі жоралғы қамтылған. Оны қағаз бетіне түсіру мүфтият жұмысына, жалпы қоғамға жаңадан тың серпін береді деп күтілуде.
Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:
- Адамның өмір салты жиі құбылған заманда рухани құндылықтар аса маңызды. Ізгілікке негізделмеген кез келген бастамалар баянсыз болмақ. Мақсатымыз – біздің рухани құндылықтарымызды, ойларымыз бен ұсыныстарымызды ортаға салып, бұдан кейінгі уақытта қабылдаған құжаттардың аясында қоғамда, жастар тәрбиесінде жұмыс жасау.
Айта кетейік, елімізде мұндай құжаттар алғаш рет қабылданып, қолданысқа енгізілгелі отыр. Бұл діни ұғымдар, рәсімдер мен міндеттерді жалпы ұғу және түсіндіру қажеттілігінен туындаған.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Аян Сәрсенбаев