Белгілі меценат Сағынайдың жерленген жері анықталды
Қазақстан ғалымдары көрші елден Ресей империясының отаршылдық саясаты кезінде жасаған карталарын алып, тарихи мекендерді анықтап жатыр. Осы жұмыстар барысында белгілі меценат Сағынай Есіұлының жерленген орны анықталды.
Риат Шони, тілші:
- Басталды әңгіменің былай басы,
Болды оған 70-80 жыл шамасы,
Арқада Ерейменді мекен еткен,
Керейде Сағынайдың болды асы.
Бұл өлең шумақтары Ілияс Жансүгіровтің атақты «Құлагер» поэмасынан алынған үзінді. Бір қарасаң киелі Көкше өңірі. Жапан дала. Ал бұл жерде Сағынайдың асы болған екен.
Қазақ тарихында Сағынайдың асындай ас болмаған. Әкесін еске алуға Паң Нұрмағамбет 500 киіз үй тігіп, мың жылқы сойғызыпты. Жұмсалған қаржы Үндістандағы Тәж Махал кесенесіне кеткен шығыннан асып түскен екен.
Ал атақты меценаттың қай жерде жерленгені осы күнге дейін белгісіз еді. Оны анықтауға Ресейден сатып алынған карталар мол септігін тигізді.
Марат Нәбиев, Сағынай Есұлының ұрпағы:
- Бірінші карта 1776 жылғы, ең соңғы карта 1919 жылғы екен. Сол 1919 жылғы картада Сағынай атамыздың жерленген жері көрсетілген. Онда «Сағынай» деп жазбайды, «Саганай» деп жазылған екен. Сол координаттарын көрсетіп, мына тасқа қашап жаздық. Өйткені Сағынай атамыз мына қорымда, жоғары жағында жерленген.
Ғалымдардың айтуынша, бұл карталарды Ресей империясы отаршылдық саясат кезінде құрған. Қазақ жеріндегі бай-шонжарлардың қоныстарын белгілеп, стратегиялық маңызға ие аумақтарды қағаз беттеріне түсірген. Енді көрші мемлекеттен сатып алынған 500-дей картамен археологтар жұмысты күшейтіп, киелі мекендерді анықтау жоспарда бар.
Зейнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы:
- Бұл карталардың барлығының бір қасиеті – сол заманның қарапайым технологиясымен жасалса да, олардың координаттарының дұрыс, дәл келуі. Мұны зерттейтін арнайы орталықтарда жұмыс істейтін мамандар керек. Жай адамды жібере салуға болмайды. Картография, геодезия жағынан білімі бар адамдар қажет. Олардың жанында этнографтар, тарихшылар отыру керек.
Елде тарихты түгендеу мықтап қолға алынды. Зиялы қауым өкілдерінің айтуынша, өткенді іздеп түгендеу үлкен ғылымды талап етеді.
Баянғали Әлімжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын:
- Бұл картада көп нәрсе көрсетілген екен. Бөгенбай батырдың туған жері, басқа ауылдар және т.б. Ол картаның бір беті ғана. Ондай 500 карта бар. Бұл үлкен ғылым іздеуді талап етеді.
Жалпы ғалымдар «Өткенді нақты анықтау үшін бұл карталармен шектеліп қалмау қажет», – дейді. Қытайдан бастап Италияға дейінгі елдердің архивтері біз білмейтін сырларды жасырып жатқаны анық.
Авторлары: Риат Шони, Аян Сәрсенбаев