Балаға күш қолданған жас стоматологты Еңбек кодексіне сай жұмыстан шығарды
Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалып, тексеру жүріп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, 1 қараша күні баланың тісін емдеу кезінде оны қатты жұлқылаған дәрігердің видеосы әлеуметтік желіге тарап кеткен болатын. Шулы бейнежазбадан кейін тіс емханасының басшылығы жас дәрігерді Еңбек кодексіне сай жұмыстан шығарды.
Қазір Қызғалдақ Сапарова Ақтаудағы зорлық-зомбылық көргендерге қолұшын беретін дағдарыс орталығында тұрып жатыр. Отбасындағы кикілжіңнен кейін 4 баласымен осында келген. Тұңғышы 7 жасар Ер-Есет бүгін тағы сабаққа барған жоқ. «Екі күн бұрын қатты жұлқып, күш қолданған дәрігердің әрекетін әлі ұмыта алмай жүр», – дейді Қызғалдақ.
Қызғалдақ Сапарова, ата-ана:
- Басында баламмен кірдім. Алдыма алып отырдым. Балам отырмады. Аузын ашқан жоқ. Сосын дәрігер: «Сіз не істеп отырсыз, баланы тез көндіріңіз, уақытым жоқ», – деп айтты. «Анасы болған соң балам еркелеп тұр ма екен?» деп дәрігерге тастадым да өзім шығып кеттім. Оның үстіне қасымда нәрестем болған, сол жылап кетті. Шықтым, сыртта отырдым. Балам «мама, мама» деп бақырып жатты. Бірақ видеодағыдай жағдай болып жатыр деп ойлаған жоқпын.
«Дәрігер ұрды», – деген баласының сөзінен секем алған ол орталықтағы бейнебақылау камерасына түскен жазбаны тексеруді талап еткен. Артынша медицина қызметкері видеоүндеу жасап, өз кінәсін толық мойындайтынын, баланың анасынан және қазақстандықтардан кешірім сұрайтынын жеткізді.
Төлеген Мұхамбетов, тіс дәрігері:
- «Инвалид баламен келіп тұр едім, мені кезектен тыс қабылдайсыз ба?», – деген соң, мен ойланбастан кезектен тыс қабылдауымды жүргіздім. Бірақ баланы ұрған жоқпын. Қорқытып, отырғызып, тісін жұлып беріп жіберейін деген оймен ғана жасалған болатын. Анасынан кешірім сұраймын, сұрадым да, сондай-ақ бүкіл қазақстандықтардан кешірім сұраймын.
Төлеген Мұхамбетов облыстық тіс емханасында екі жылдан бері жұмыс істейді. Мектепті «Алтын белгіге», Ақтөбедегі медицина университетін үздік дипломға бітірген. «Орталықта өзін білікті маман ретінде көрсетті. Алайда балаға жасаған дөрекі әрекетінен соң ол жұмысын әрі қарай жалғастыра алмайды», – деді аймақтың бас стоматологы.
Қуат Машырықов, облыстық стоматологиялық орталықтың директоры:
- Қимылына, жасаған өрескел қылығына қарай біз бірден сол жерде шешім қабылдадық. Бұл дәрігерлік этикаға жатпайды. Еңбек тәртібін бұзғаны үшін Еңбек кодексінің 64-бабы бойынша жұмыстан босатылды.
Зардап шеккен баланың анасы бірден полицияға арыз жазды. Баланың қандай дәрежеде дене жарақатын алғанын анықтау үшін сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.
Қалдымұрат Айғарақов, Ақтау қалалық Полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары:
- Егер де бала жеңіл дене жарақатын алған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73/1 бабымен жауапқа тартамыз. Егер де балада қандай да бір дене жарақаты болмаған болса 73/2 бабымен әкімшілік жауапқа тартылады.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалу үшін заңды бұзған азамат мұғалім немесе тәрбиеші болуы керек. «Сондықтан да әкімшілік жаза қарастырылады», – дейді тәртіп сақшылары.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев