«Жайық-Каспий» каналында түп тереңдету жұмыстары басталды
Ал су көліктері мен балық жүретін негізгі өзен арнасын аршу қазан айынан қолға алынды. Аршылмаған су жолдары Жайықтағы кемелер қатынасы мен теңіз балығының тұщы сулы өрісіне шығуына кедергі келтірген.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- «Жайық-Каспий» каналын аршу жұмыстары өзеннің теңізге құятын сағасынан басталып жатыр. Бұл арадағы қазіргі тереңдік 35-40 см-ден аспайды. Егер түп тереңдету жұмысы аяқталса, тереңдік 2,5 метрге, ал ені 35-40 метрге дейін кеңитін болады.
Жайықты теңізге жалғайтын каналдың ұзындығы 5 шақырымды құрайды. Міне, осы аралық 1992 жылдан мүлде аршылмаған еді. Осы уақыт ішінде өрден аққан өзен тонналаған топырақты ағызып әкеліп, теңіз тамағын бітеп тастады. Бұл Жайық өзен порттарына келетін кемелердің жүруін шектеп, су мақұлықтарының байырғы өрісіне шығуына кедергі келтірді. Енді байырғы су жолы жандана бастады. Алыс Еуропадан өндіріске қажетті қондырғы жеткізу мақсатында бір компания каналды аршуды қолға алды.
Дмитрий Эйдман, «Жайық-Каспий» каналының телім басшысы:
- Каналды аршуға үш жүзу краны, бір түп тазалайтын қондырғы мен екі топырақ тасымалдайтын баржа жұмылдырылды. Тағы бір баржа мен оларды сүйрейтін кеме келе жатыр. Біз мұз тұрғанша жұмыс істейміз.
Осылайша Жайықтағы су қатынасы қалпына келтірілмек. Түп тереңдету жұмыстарының аяқталуын балықшылар мен экологтар да тағатсыз күтуде. Өйткені өзеннің теңізге құяр сағасының бітелуі балықтардың өрісін тарылтып тастады. Бұрын бір тартымнан тонналап су маржанын теретін балықшылардың бүгінгі табысы тым төмен.
Мәншүк Телешова, Орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
- Жайық өзенінде түп тереңдету жұмыстарының басталуы балық қорының табиғи жағдайын жақсартуға елеулі үлесін қосады. Сонымен қатар балықтардың миграциясына қолайлы жағдай жасайды.
Мамандар: «Канал аршу жұмыстары мерзімінде аяқталса, желтоқсан айына қарай қорытпа, шоқыр секілді бекіре тұқымдастар байырғы өрісіне оралады», – дейді. Сондай-ақ басқа су маржандары үшін де жол ашылары сөзсіз. Сол кезде кемелер қатынасы қалпына келіп, өңірдің басты байлығы саналатын балық кәсіпшілігі де өркендеуі даусыз.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев