Қазақстан мен Ресейдің ХVІ өңіраралық ынтымақтастық форумы басталды
Мұнда екі елдің өңіраралық форумы басталды. Жиын жыл сайын екі елде кезек-кезек өтіп тұрады. Мақсат: өңіраралық һәм еларалық байланысты бекемдеу. Осы алаңда қос ел президенттерінің қатысуымен кеңейтілген отырыс өтіп, бірқатар келісімге қол қойылады. Көрме ұйымдастырылды, кәсіпкерлер мен сарапшылар пікір алысты, келісімдер жасасты.
Қалаға кірген бойда көзімізге алдымен шалынғаны қоғамдық автобустар болды. Форумның логотипі жапсырылған мұндай транспортты Омбы көшелерінен жиі кездестіресіз. Жол бойындағы жарнама тақтайшаларын айтпағанның өзінде осы секілді 1700-дей қоғамдық көлікке плакаттар ілінген. Содан да болар, жиынның жап-жапсарынан кез келген омбылықтың хабары бар.
Блиц:
- Біз сонау Кеңес Одағы құлаған кездерде де байланысымызды үзген жоқпыз. 16-шы рет өткізілетін форумнан нәтиже боларына сенімдіміз.
- Тарихи байланысымыз тым тереңде жатыр. Бірлескен жиын бәрімізге тиімді болса дейміз.
Қазақстандық делегацияны қарсы алу үшін қала билігі дайындықты күні бұрын бастағаны көрініп тұр. Жөндеу жұмысы бар, жарнамасы бар, федералды бюджеттен жалпы сомасы 1 млрд рубль бөлінген. Бұл шамамен біздің 6 млрд теңгеге тең.
Бұл форумның сыртқы дайындығы, енді ішкі шараларға ойысақ. Омбыдағы жоғары технологиялар көрмесі. Қос елдің «мен мықты» деген 50-ге жуық компаниясы жаңалығын ала келіпті. Өңіраралық жиынның пайдасы да осы, сөзі мен ниеті сәйкес келіп жатса, компаниялардың келісімшарт жасасуына таптырмас мүмкіндік.
Ирина Болотова, компанияның бөлім басшысы:
- Қазір келісімге қол қойдық. Бірер күнде ШҚО, Ұлан ауданындағы құс фермасына инкубатор аппараттарын жеткізіп береміз.
Біздің елдегі тұтас әскери саланы арнайы киіммен қамтып отырған тігін цехының екпіні зор. «Жылына 2,5 млн дана киім тігеміз», – дейді. 25% Ресей нарығына жөнелтіп отыр.
Аида Ахметова, компания менеджері:
- Ресейліктерге біз 25 мың комплект шығарамыз. Оларға біздің киімдеріміздің сапасы жоғары болғандықтан, олар оны жоғары бағалайды. Бізге көп адамнан сұраныс бар.
Бірақ алып нарықты азды-көпті өніммен бағындыра салу оңай емес. Оның үстіне ұсақ-түйек саудадан екі мемлекетке де келіп кетер пайда шамалы. Нарықта жеке-дара шапқаннан бірігіп іс қылған тиімдірек.
Денис Кушнер, Ресейдің Омбы облысы Экономика министрінің орынбасары:
- Ең қарапайым жолы – бірыңғай сауда желілерін құру. Біздің бұл тұрғыдан біраз тәжірибеміз бар. Мысалы бізде 7 дүкеннің басын қосқан «Қазмаркет» сауда желісі жұмыс істейді. Бұған қазақстаннан 80 кәсіпорынның тауары жеткізіліп тұрады.
Омбы облысы – Ресейдегі қазақтар ең көп қоныстанған өңір. Шекара ортақ. Сондықтан ауылы аралас, қойы қоралас деуге де болады.
Александр Бурков, Ресейдің Омбы облысының губернаторы:
- Омбы үшін Қазақстан – басты экономикалық серіктес. Өткен жылы 240 млрд доллардың тауарын алмасқанбыз. Биыл 8 айда мұны тағы 22% арттырдық. Қазір облыс аумағында 192 қазақстандық кәсіпорын жұмыс істеп жатыр.
Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
- Омбы қаласы – Ресейдің ауыл шаруашылығы саласындағы басты ойыншыларының бірі. Сондықтан бұл саладағы бірімізде жоқты біріміз толықтырып отырмыз. Сосын мұнай-химия саласында қаржы және білім саласында ынтымақтастығымыз жоғары. Омбының ғылыми техникалық базасы өте жоғары, сондықтан кәсіби мамандарды даярлауда көмегі зор.
Омбымен қарым-қатынасымыз оң болғанымен жалпы Экономикалық одақ ішіндегі экспортымыз біршама азайып кеткен көрінеді. Экспорттың кемігені ел арасындағы интеграцияның әлі де кемшін екенін байқатады. Әрине, Одаққа мүше мемлекеттің қайсысы да алдымен өз кәсіпкеріне қолайлы жағдай жасауға ұмтылады. Бірақ Одақтың ортақ ұстанымы жеке мүддеден жоғары тұрғаны абзал.
Мұрат Бекмұратов, Ресейдегі Қазақстан сауда өкілдігінің Алтай өлкесі бойынша уәкілі:
- Қазақстанның тауарлары сапалы екенін барлығы біледі. Бірақ Ресейдегі заң бойынша оларды жібермей отыр. Сол заңдарды шешу керек. Сонда ғана Қазақстан шығарып жатқан өнімдер Ресейге өтетін еді. Бұлар нарықтарын ашқысы келмейді, ашса Қазақстанның бағалары Ресейдікінен арзан болады.
Кәсіпкерлерді тұсаулайтын кедергілерді тізсек, жетпіске жетеғабыл екен. Өткізу пункттеріндегі жүк көліктерінің кептелісі өз алдына, салық пен қағазбастылық әлі бар.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Демек, форум шешуі тиіс мәселелер жыл сайын күрделеніп келеді. Сондықтан да бұл мәселелер ертең мемлекет басшылары деңгейіндегі кеңеске шығарылмақ. Қазақстан 5 мемлекетпен шекаралас жатса, Ресеймен арадағы шекара соның ең ұзыны, 6,5 мың шақырымдай. Ал осы шекаралас облыстарда 35 млн-дай халық тұрады. Өңіраралық форумның жыл сайын өткізіліп келе жатқаны сондықтан. Өйткені ақылдасу алаңына терең тамырласу міндеті жүктелген.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Айдос Меделбеков, Дулат Ентебеков