Өскеменде тұрғын үйге жапсарлас салынатын нысан көбейді
Олардың көбі кәсіпкерлік мақсатта бұрын тұрған ғимараттарға жапсарлас немесе көпқабатты үйлердің ауласында бой көтеріп отыр. Автокөлік пен жаяу адам жүретін жолды тарылтып, сол маңдағы тұрғындардың өміріне қауіп төндіретін жанармай бекетін салған кәсіпкерлер де бар. Кәсіп иесі жерді аларда құзырлы органдарға ережеге сай құжаттар ұсынады. Ал рұқсат алған соң, мүлде заңға қарама-қайшы іс бастайды. Жер учаскелерін берген жергілікті билік өкілдері кәсіпкерлермен соттасып әлек. Арнамыздың «Хабарласыңыз» айдарына қала тұрғындары хабарласып, мәселе көтерді.
Олжас Керейхан, тілші:
- Үш қабатты үйге жапсарлас салынып жатқан мына нысанның құрылысы биыл жазда басталған. Кәсіпкер бұл жерде «сән салоны болады» деп тұрғындардың келісімін алған. Кейін дәмхана екені белгілі болды. Екі ғимараттың арасынан жеңіл көліктің өзі жиектасты басып әрең өтеді. Ал өрт немесе басқа жағдай болса, арнайы техникалардың қалай өтерін дәмхана иесі мүлде ескермеген.
Тұрғындардың наразылығынан соң дәмхананың құрылысы тоқтады. Бірақ кәсіпкер екі үйдің арасын пайдалану үшін барлық құзырлы органнан рұқсаты барын алға тартып, жұмысты бастап кеткен. Жолдың жартысын басып қалған жаңа нысанның астында кәріз құбыры да қалған.
Людмила Сюркалова, қала тұрғыны:
- Үй 1958 жылы салынған. Сол уақыттан бері мына екі ғимараттың арасында көлікке арналған жол болған. Жаяу жүргіншілер де қысылмай өтетін. Енді міне жолдың тура үстінен құрылыс жүргізіп жатыр.
Наталья Маханько, қала тұрғыны:
- Ол бізді алдағанға ұқсайды. Өйткені бір жолғы жиналыстың хаттамасында біздің қолымыз бар, ал екіншісінде мүлде басқа күн көрсетііп, басқаша толтырған. Кәсіпкердің өзі тұрғындармен сөйлескісі келмейді. Телефонына қоңырау шалсақ, жауап бермейді.
Заңсыз салынып жатқан нысанды қайтадан бұзып, жерді қалпына келтіру үшін тұрғындар құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүр. Ал кәсіпкерге екі үйдің ортасына жапсарлас нысан салуға рұқсат берген қала әкімдігі алданып қалғандарын айтып, ақталып отыр.
Әлібек Тұрсынбетов, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:
- Жерді жалға алар кезде бізге көрсеткен жобасы бойынша тек қана «шағын құрылыс» деп жазылған. Бірақ түбінде ол кісі құрылыс көлемін көбейтіп, жолдың жартысын алды. Сол себептен біз өз тарапымыздан сотқа бердік.
Тұрғын үйге жапсарлас салынатын нысандар өрт болған кезде жағдайды тіпті қиындатады. Арнайы техникалар оқиға орнына дер кезінде жеткенімен аулаға кіре алмай әлекке түседі.
Ғафур Ақаев, облыстық Өрт сөндіру қызметінің бастығы:
- Қазіргі біздің қолданып жүрген техникамыздың ұзындығы 12,5 метр. Орнатқан кезде 8 метр жалпақтық керек. Жапсарлас нысандар салынған кезде мынадай техниканы жоғары қабатқа қарай көтере алмаймыз.
Қалада заңсыз салынған құрылысқа қатысты бірнеше сот болып жатыр. Бірақ тұрғындар кәсіпкерлерге жер қалай беріліп, оған нысан салуға рұқсатты да қалай тез алатынына аң-таң.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин